È

Ардақ Әмірқұлов: «Үнсіздік – мен жайлы кино»

Ардақ Әмірқұлов: «Үнсіздік – мен жайлы кино»

Отандық режиссер Ардақ Әмірқұлов ұзақ жылдардан соң түсірілген «Үнсіздік» атты көркем фильмін таныстырды. Кинематографшының соңғы жұмысы 2008 жылы жарыққа шыққан «Қош бол, Гүлсары» драмасы болатын.

«Үнсіздік» фильмі – туған өлкесіне оралатын ер азаматтың хикаясы. Ол балалық шағы өткен ауылдан бұрынғы көршісін жолықтырады. Әйел одан соңғы сапарға шығарып салуын өтінеді, кейіпкерлер өмірді саралай отырып, үнсіз саяхатқа аттанады.

«Картина кино жасалу заңдылықтарына сай түсірілген жоқ. Кинематографта бейнелер арқылы әңгіме айту маңызды ғой әрі ол сюжетсіз сәтті шықпайды. Біз керісінше, картинаның және сюжеттің желісі бейнелердің құралына айналсын дедік. Мен сюжеттің басты құрал болуын қаламадым. «Үнсіздік» - көрермендерге арналған кино, бірақ мен жайлы. Менің санам жайында. Мен біреуге ұнауға тырыспадым. Бұл картинада өзімшілдік бар», - деді жаңа фильм туралы Ардақ Әмірқұлов.

Кинотаспа өндіріске 2015 жылы жіберілген. Алайда, қаржылық және басқа да мәселелерге байланысты, жұмысы тек былтыр ғана аяқталған.

«Үнсіздік» фильмінен көрініс
«Үнсіздік» фильмінен көрініс

Таспа өндіруге өз ісінің нағыз шеберлері: қоюшы-оператор Александр Рубанов, қоюшы-суретші Өмірзақ Шманов және сценаристер Әсия Байғожина мен Дәуір Досыбиев атсалысты. Ардақ Жамансариұлы түсірілімге өзінің шәкірттері – Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА студенттерін де жұмылдырды.

«Ардақ Әмірқұловтың фильміне түсуге шақырғаны мен үшін үлкен құрмет. Түсірілім барысында мен оған толықтай сенім артып, артық сұрақ қоймауға тырыстым. Бұл менің актерлік мансабымдағы ең жайлы түсірілім шығар. Ардақтың түсірілім алаңы шығармашылық жұмысқа толы еді. Мен үшін бұл нағыз кино түсірілімі болды. Сондай-ақ, мен өзінің құпиялары мен қайғысы бар ересек кейіпкерді сомдадым. Фильмнің сюжет желісі күрделі. Картина барлық көрерменге арналмаған», - деп бөлісті әсерлерімен актриса Айсұлу Әзімбаева.

«Үнсіздіктегі» кейіпкерлерді Айсұлу Әзімбаевадан бөлек, Руслан Әмірқұлов, Дара Мұқан, Айнұр Рақымжанова және Нұрзат Тимур сомдады.

Фильм «Қазақфильм» киностудиясының негізінде ARD film компаниясымен бірге түсірілді.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Дастен Шәкіров

Актер