Асқар Ұзабаев батырлар туралы жаңа тарихи хикая түсіруде
2017 жылдың желтоқсан айында «Хабар» арнасында «Батырлар жолы» атты жаңа тарихи хикая жарыққа шығады. Туынды әйгілі Қарасай батырға, оның ерлігіне арналады. Қазір хикаяның түсірілімі болып жатыр. Жобаның режиссёрі - Асқар Ұзабаев.
«Мен тарихи киномен бірінші рет жұмыс істеп отырмын, бұл шынында да өте қиын жоба екен, дегенмен тарихи киноның өзіндік ерекшелігі бар, түсірілім қызықты өтіп жатыр. Хикаяның тұжырымдамасы сценарий жазу барысында өңделді. Мен қатал кино түсіремін деп шештім. Актерлік құрам мені толық қанағаттандырады, аталмыш жобада біз жас актерларға көп көңіл бөлдік. Фильмде үш батырдың достығы көрсетіледі. Хикаяны қазақ жауынгерлері жоңғар басқыншыларымен кездескен әйгілі әрі қайғылы Орбұлақ шайқасымен аяқтамақпыз»,-дейді Ұзабаев.
Хикаядағы оқиға XVII ғасырдың басында сұлтан мен билердің қақтығысы аясында болған. Қазақтар ортақ басшының болмауы салдарынан қалмақтар мен ойраттардың шабуылына ұшырайды.
Сурет: Қырмызы Төребай
Хикаядағы басты рөлдерді Назар Сұлтанбаев, Әшім Ахметов, Жандос Айбасов, Ержан Нұрымбет және Мөлдір Мекенбай сомдайды.
«Хикая түсіріліміне аса жоғары жауапкершілікпен кірістік. Жобамен жұмыс істеу барысында «Отырардың күйреуі», «Жау жүрек» және «Гладиатор» сынды тарихи картиналарға қарап шабыттандым. Басты кейіпкер Қарасай батырдың образы өте жинақы болып шықты, бір сөзбен ол өз кезеңінің «супер» батыры іспетті»,-деп қосты режиссер.
Айта кету керек, хикая түсіріліміне ірі сахналық арпалысқа түсетін каскадерлар тобы атсалысты.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін