È

Асқар Ұзабаев «91» фильмінің түсірілімін аяқтады

Асқар Ұзабаев «91» фильмінің түсірілімін аяқтады. Қазақстан киносы

Бүгін атышулы «Ninety One» музыкалық тобына арналған «91» толықметражды фильмінің соңғы көріністері түсіріліп бітті. Картина режиссер Асқар Ұзабаевтың алтыншы толықметражды жобасы атанса, Әсел Сәдуақасова үшін төртінші продюсерлік жұмысы болды.

«91» фильмі – «Ninety One» тобы мүшелерінің шығармашылығы мен өмірін баяндайтын шынайы оқиға. Q-pop бағытында ән айтатын топ қазақстандықтардың тарапынан қолдауға ие бола қоймады. Қоғамдағы түрлі түсініспеушіліктің салдарынан еліміздің көптеген қалаларында топтың концерттері болмай қалған.

Авторлардың айтуынша, көрермендер фильм арқылы жігіттердің қиындықтарды қалай жеңгенін, «хэйтерлік» уақытты қалай бастан өткергендерін біле алады.

Фильмде топ мүшелері өз-өздерін сомдады: Азамат Зенкаев (A.Z), Данияр Құлымшин (Bala), Дулат Мұхаметқалиев (ZaQ), Азамат Ашмақын (Ace) және Батырхан Мәліков (Alem).

Шығармашылық топ түсірілім жұмыстарын 2017 жылдың 8-ақпанында бастаған болатын. Белгілі болғандай, түсірілім қиынға соққан көрінеді. Асқар Ұзабаевтың айтуынша, түсірілімге қажетті кейбір мекемелер олармен жұмыс істеуден бас тартқан.

Барлық қиындықтарға қарамастан, өмірбаянға құрылған таспа түсіріліп бітті және алдағы күзде жарыққа шығуды жоспарлап отыр.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Досхан Жолжақсынов

Актер