È

Baikonyr SFF-2018: фестивальдің қазылар алқасы

Baikonyr SFF-2018: фестивальдің қазылар алқасы

2018 жылдың 20-23 қыркүйек аралығында Алматыда өтетін III Baikonyr Short Film Festival-дің қазылар алқасының құрамы белгілі болды. Фестиваль қатысушыларын Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның белгілі 10 киноқайраткері бағалайтын болады. Көрсетілімнің бас демеушісі - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры, бас серіктестер - KinoparkTheatres және KinoplexxCinemas.

 

Baikonyr SFF-2018 коллегиясының құрамына келесі тұлғалар енді:

Нұртас Адамбай - актер, режиссер әрі продюсер, Nurtas Production кинокомпаниясының негізін қалаушы. Продюсердің қоржынында 8 толықметражды жоба бар. Биыл режиссер ретінде Адамбайдың екі жұмысы – «Жеделсаты» және «Құдалар» фильмдері экранға шығады.

Баян Алагөзова - продюсер әрі актриса, оның Shine Production продюсерлік орталығы табысты киножобалар мен киноларды жарыққа шығарып жүр. Фильмдер мен хикаялары арқылы Баян Мақсатқызы отандық кинематографқа жаңа бейнелер мен қызықты контент сыйлады. 2019 жылы продюсер «Тағдыр бекеті» атты жаңа фильмін ұсынбақ.

Аружан Жазылбекова - актриса, «Сыншылар таңдауы 2017» киножүлдесінде «Екінші қатардағы үздік әйел рөлі» аталымын иеленген. Жазылбекованың фильмографиясында қазақстандық және ресейлік жобалар бар.

Ойбек Абдушукуров – Өзбекстан жас кинематографшылар кеңесінің төрағасы, Кинематография дамыту орталығының директоры, продюсер.

Денис Коноплев – қазақстандлық дыбыс режиссері. Маман 15-тен астам картинаны дыбыстаумен айналысты, олардың ішінде «Сәбина келін», «Ауылдан қашу», «Шатырдағы бұлт» және «Тіркеуші» картиналары бар.

Баймұрат Жұманов - режиссер әрі актер. Оның «Қатал жігіт» атты дебютті картинасы II Baikonyr Short Film Festival-дің Бас жүлдесін иеленген болатын. Қоюшы «Түсқағаздағы суреттер» атты қысқаметражды жаңа таспасын түсірді.

Катерина Суворова – деректі кино режиссері. Катеринаның жұмыстары халықаралық фестивальдерге қатысып жүр. Мысалы, Арал теңізіне арналған «Ертең теңіз» фильмі Чехия, Франция және Ресей ХКФ-де жүлделі болған.

Адай Әбелдинов - режиссер, сценарист, «Қазақфильм» жанындағы «Анимациялық кино» ШӨБ жетекшісі. Биыл қоюшы халыққа «Күлтегін» және «Мұзбалақ» атты екі анимациялық картинасын ұсынбақ.

Яна Тюлькина – қоюшы-суретші. Суретшінің фильмографиясында 10-нан аса жоба бар. Олардың арасында көрермендерге келесі картиналар жақсы таныс: «Астана – махаббатым менің» хикаясы, Ермек Тұрсыновтың «Мамырдағы жеті күн» таспасы және Әмір Қарақұловтың «Виртуалды махаббат» фильмі.

Қазылар алқасына Қырғызстанның белгілі кинотанушысы әрі киносыншысы Гүлбар Толомушова төрағалық етпек. Ол FIPRESCI және NETPAC мүшесі, Қырғызстан кинематографшылар одағының мүшесі, сонымен қатар Қырғызстан мен шетелде қырғыз киносы жайлы жарияланған көптеген мақалалардың авторы болып табылады. Ұзақ жылдар бойы Гүлбар Толомушова Busan International Film Festival, New York Eurasian Film Festival, «Киношок» және «Еуразия» сынды халықаралық кинофестивальдермен байланыс жасап келеді.

Baikonyr Short Film Festival фильмдерінің көрсетілімі Алматыда Алтынсарин даңғылында орналасқан 24А үйде Kinoplexx Sary Arka кинотеатрында өтеді.

Айта кету керек, кинокөрсетілімге қатысуға бағытталған өтініштерді қабылдау аяқталды. Жақын арада фестиваль дирекциясы ресми бағдарламаны және үміткерлерді жариялайтын болады.

Жаңалықтарды «Бродвейден» оқып тұрыңыздар.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Нұрлан Әлімжанов

Актер

Берік Айтжанов

Актер