Bas production «Патруль» хикаясының үшінші маусымын түсіріп жатыр
«Bas production» компаниясы әйгілі «Патруль» хикаясы үшінші маусымының түсірілімін бастады. Ситкомның жалғасымен жаңа режиссер Төребек Бейсебаевтің және қоюшы-оператор Дастан Молдабековтың жетекшілігіндегі топ жұмыс істеуде. Алдыңғы маусымында режиссері Әнуар Матжанов, ал операторы Ернұр Рысбаев болған.
«Осы маусымда тек тұрмыстық емес, сонымен қатар өткір әлеуметтік мәселелерді де қозғамақпыз. Кейіпкерлердің өмірі аса өзгере қоймайды. Олар әдеттегідей күлкілі жағдайларға тап болып, орын алған мәселелерді ерекше әдіспен шешуге тырысады. Телекөрермендер 20 бөлімнен құралған қызықты дүниені тамашалайтын болады»,-дейді Төребек Бейсебаев.
«Патруль» хикаясы алматылық полицейлер Серік пен Берік туралы баяндайды. Қос кейіпкер жол полициясының көлігімен ереже бұзғандардың жолдарын торуылдап жүреді. Олар күнде ар мен пайда арасында таңдау жасауға тура келетін түрлі жағдайларға тап болады.
Хикаяға Мейіржан Төребаев, Рүстем Омаров, Еділ Анарбаев, Мейірхан Шерниязов және Медет Аманбаев түсіп жатыр.
Комедиялық фильмнің түсірілімі Алматыда өтуде әрі тамыз айының соңына дейін жалғаспақ.
«Патруль 3» хикаясының тұсауы биылғы жылы күзде «НТК» телеарнасынан кесіледі.
Суреттер Мейіржан Төребаевтың жеке Instagram парақшасынан алынды
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін