È

«Жүзбен жүгіруші 2049» Қазақстандағы кассалық жинақта алда келеді

5-8 қазан аралығындағы кассалық жинақ

Киномандар үшін өткен демалыс сәтті болған сияқты. Көрермендер Дени Вильнёвтің көптен күткен «Жүзбен жүгіруші 2049» фильмін бағалап, «Арамызда таулар бар» картинасындағы махаббат оқиғасына куә болды, сондай-ақ «Өмір алда» комедиясының көрсетілімінен кейін мектептегі достарын еске түсірді. Қазақстандықтарға қандай кинотаспаның ерекше ұнағанын, кинолардың қанша пайда тапқанын Қазақстандағы кассалық жинақ рейтингісінен біле аласыздар.

Өткен аптада «Жүзбен жүгіруші 2049» фильмі үздік деп танылды. Ол 95 526 900 теңге көлеміндегі пайдаға кенелді. Картина 1982 жылы Ридли Скотт түсірген «Жүзбен жүгірушінің» сиквелі болып табылады. Алғашында Скотт фильм жалғасының режиссері болуы тиіс еді, бірақ кейін өзі жобаға продюсер ретінде қатысқысы келетінін білдірген. Режиссерлік орынды Дени Вильнёв басты. Сценарийімен түпнұсқа фильмінің авторы Хэмптон Фанчер және Майкл Грин айналысты.

«Жүзбен жүгіруші 2049» фильмінен көрініс

«Өмір алда» ресейлік комедиясы алғашқы демалыста 42 806 450 теңге тауып, екінші орынға жайғасты. Фильм режиссері - Карен Оганесян, ол көпшілікке «Бес қалыңдық», «Марафон» және «Мінезді сыйлық» картиналары арқылы танымал. Таспа сценарийін «Ащы!» комедиялық франшизасының авторы Жора Крыжовник жазды. «Өмір алда» фильмінің қосалқы продюсері «НТВ» телеарнасы болды.

«Жалданушы» атыс-шабыс фильмі екінші демалыста 29 010 700 теңге жинады. Фильм түсірілімі 2012 жылы басталған. Бірақ Митч Рэпптің алдын-ала оқитғасын түсіру үшін өндірісі біраз уақыт тоқтап тұрды. Джерард Батлерден («Заңмен әрекет ететін азамат») бөлек, басты рөлге Колин Фаррелл («Қауіпті азғыру»), Мэттью Фокс («Тірі қалу») және Крис Хемсворт («Тор») қарастырылған болатын.

«Өмір алда» фильмінен көрініс

«Бобби кірпі: Тікенекті оқиғалар» мультфильмі 24 868 000 теңге жинады. Картина - Қытай мен АҚШ-тың біріккен жобасы. Анимацияның қоюшы-режиссері - Хуан Цзяньмин. Сценарий жазумен американдық авторлар Каролина Зелдер және Марк Байерс айналысты. Дыбысталуға қытайлық актерлар Да Вэй мен Сяо Мин қатысты.

«Қорқыныштарымның үйі» қорқынышты фильмнің тұсаукесерлі жинағы 17 003 750 теңгені құрады. Картинаны режиссер Джеймс Каллен Брэссак түсірді. Қоюшының 20-дан астам жұмысы бар, олардың ішінде «Қаскүнем», «Ессіздер театры», «Қанды көл: Қанішер жыланбалықтардың шабуылы» және т.б. картиналарын атауға болады. Режиссер жаңа жобасына актриса Стефани Эстесті шақырды, екеуі бұрын «If Looks Could Kill» хикаясында бірге жұмыс істеген.

«Бобби кірпі: Тікенекті оқиғалар» мультфильмінен көрініс

«Арамызда таулар бар» драмасы 16 457 600 теңге жинады. Бастапқыда басты рөлдерге Марго Робби мен Майкл Фассбендер бекітілген, кейіннен олардың орнына Чарли Ханнэм мен Розамунд Пайк келген. Алайда бұл актерлар да жобадан кетіп қалады. Ақыры негізгі кейіпкерлерді Идрис Эльба мен Кейт Уинслет сомдады. Режиссері Херардо Наранхо болуы тиіс еді, бірақ орнына Хани Абу-Ассад келген.

«Әпкелі-сіңлілі жетеудің құпиясы» кинофантастикасы миллиондарын жинауды жалғастыруда: картина 15 874 800 теңге көлеміндегі пайдаға кенелді. Томми Виркола фильмді 94 күннің ішінде түсірген. Сценарийін Макс Боткин және Керри Уильямсон жазды. Боткин бұрын «Росомаха және Икс Адамдары» (2008-2009) хикаясымен жұмыс істеген, ал «Әпкелі-сіңлілі жетеудің құпиясы» Уильямсонның екінші жұмысы болды. Оның алғашқы сценарийі - «Мен, Алекс Кросс» (2012).

«Kingsman: Алтын сақина» фильмінің жинағы төмендеп кетті. Фильм өткен демалыста бар-жоғы 11 730 000 теңге жинаған. Комедиялық атыс-шабыс фильмі актерлар Мэттью Вон мен Марк Стронгтың төртінші біріккен жобасы болды. Бұрын екеуі «Жұлдызды шаң» (2007), «Пипец» (2010) және «Kingsman: Құпия қызмет» (2015) картиналарына түскен.

«Kingsman: Алтын сақина» фильмінен көрініс

Андрес Мускеттидің «Ол» қорқынышты фильмі 9 496 800 теңге көлеміндегі жинағымен және «Ессіздер» фильмі 7 914 300 теңгемен төменгі орынға түсіп қалды. Айта кету керек, «Ол» тарихтағы ең кассалы қорқынышты фильм болған, оның жалпы жинағы - 500 миллион доллар. Бұл орында 44 жыл бойы Уильям Фридкиннің «Әзәзілді қуушылар» (441 миллион доллар) фильмі тұрған болатын.

5 миллион теңгеден төмен жинағандар: «Екінші мүмкіндік» - 4 798 500 теңге, «Борг/Макинрой» өмірбаяндық фильмі - 4 578 800 теңге, «ЛЕГО Ниндзяго фильм» анимациясы - 3 426 500 теңге және «Уотергейт. Ақ үйдің күйреуі» драмасы - 1 663 400 теңге.

«Мұрагерлікке қалған махаббат» отандық картинасы екінші демалыста 815 400 теңге жинады. Фильмнің жалпы жинағы - 8 195 400 теңге.

 

* Материал Comscore және Ticketon.kz жүйелерінің мәліметтері бойынша дайындалды

Қазақстанда Comscore жүйесіне Chaplin Cinemas, Star Cinema және Арсенал кинотеатрлар желісі қосылған

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Төлеубек Аралбай

Актер