XIII Қазан кинофестивалі бағдарламасына екі қазақстандық фильм енді
Сәбит Құрманбековтың «Оралман» толықметражды фильмі және Берік Жахановтың «Еркек» қысқаметражды таспасы Халықаралық мұсылман киносы XIII Қазан кинофестивалінің қатысушысы атанды. Отандық картиналар фестивалдің байқау бағдарламасына енді.
Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі Ауғанстаннан тарихи отанына оралған қазақ отбасы туралы баяндайды. Кейіпкерлер үйге қайтар жолда көптеген қиындықтарды бастарынан өткереді. Бірақ, ата-бабаларының туған жеріне деген махаббаты мен жақсы өмірге сенімі сол қиындықтарды жеңуге көмектеседі. Биылғы жылы «Оралман» Халықаралық «Фаджр» кинофестивалінде «Үздік азиаттық фильм» деп танылды.
«Оралман» фильмінен көрініс
Берік Жахановтың «Еркек» қысқа метрі – бұл Азамат есімді тентек жасөспірімнің хикаясы. Кейіпкердің өмірін аяқ асты пайда болған әкесі түбегейлі өзгертеді. Фильм бұрын «Қырғызстан - қысқаметражды фильмер елі» кинофестивалінде «Үздік режиссура» номинациясы бойынша және «Байқоңыр» I Республикалық қысқаметражды кинофестивалінде «Үздік актер» санаты бойынша жеңіске жеткен.
Қазан кинофестивалі 2005 жылы Ресей Мүфтилер Кеңесі мен Татарстан Республикасы Мәдениет министрінің аясында құрылған болатын. Байқаудың мақсаты – кинематографшылар арасындағы тәжірибе алмасу және адами ортақ құндылықтарды әспеттеу. Жыл сайын фестиваль бағдарламасына бейбітшілікті, адалдықты және тең құқықтылықты насихаттайтын жұмыстар іріктеліп алынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, XIII кинофестивальге 61 мемлекеттен 780 өтініштер келіп түскен.
Биылғы жылы кинооқиға Татарстан астанасы Қазанда 5-11 қыркүйек аралығында болады.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін