«Қаратас ауылындағы оба» фильмі Salamindanaw Asian Film Festival-ге қатысады
«Қаратас ауылындағы оба» отандық фильмі V Salamindanaw Asian Film Festival-дің қатысушысы атанды. Халықаралық кинокөрсетілім 27 қарашада басталып, Филиппинде, Генерал-Сантос қаласында өтеді.
«Қаратас ауылындағы оба» картинасы Қаратас ауылына келген жас әкім туралы баяндайды. Ол жаңа жерге өзіндік ережелерін енгізіп, реформаларын орнатқысы келеді. Бірақ, жергілікті тұрғындар жаңа әкімнің өзгертулеріне қарсылық танытады. Әкім мен ауылдықтардың арасында кикілжің пайда болады.
Кинотаспаны режиссер Әділхан Ержанов «Партизан киносы» қозғалысының аясында түсірді. Таспа продюсері - Серік Әбішев. Драма тұсаукесері 2016 жылдың сәуір айында болған.
Айта кету керек, «Қаратас ауылындағы оба» көптеген халықаралық кинофестивальдердің жүлдегері. Картина қоржынында «Киношок - 2016» фестивалінің «Гран-приі», Роттердамдағы «Үздік азиаттық фильм» жүлдесі және «Сыншылар таңдауы – 2017» жүлдесінің сыйлығы бар.
Salamindanaw Asian Film Festival 2012 жылы Минданао аралының кинематография өнері орталығымен құрылған. Байқауды NETPAC (Азиаттық киноны дамыту желісі – ред.) қолдаған және әлем бойынша азиаттық киноны дамытып, ашуға бағытталған алаңқайдың бірі болып табылады.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін