È

Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі XIII «Еуразия» ХКФ-де «Гран-при» иеленді

Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі XIII «Еуразия» ХКФ-де «Гран-при» иеленді. Қазақстан киносы

Астанада «Қазақстан» Орталық концерт залында XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің салтанатты жабылуы өтті. Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Оскар иегері, актер Джон Малкович, ресейлік әртістер Егор Бероев пен Софья Каштанова және еліміздің танымал кино қайраткерлері қатысты.

Кинокөрсетілімнің бас жүлдесі - «Гран-при» Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильміне табысталды. Үздік режиссерлік жұмыс ретінде Ақтан Арым Құбаттың (Қырғызстан) «Кентавр» картинасы аталды. «Үздік әйел рөлі» номинациясын актриса Ия Шуглиашвили («Менің бақытты отбасым», Грузия), ал «Үздік ер азамат рөлін» Гурбан Исламов («Анарлы бақ», Әзербайжан) жеңіп алды. Қазылар алқасының арнайы жүлдесі Фам Хонг Анның «Жолды бекет» (Вьетнам) картинасына және Ильгар Наджафтың «Анарлы бақ» фильміне табысталды. Ресейлік режиссер Борис Хлебниковтың «Аритмиясы» және қырғызстандық «Кентавр» картинасы НЕТПАК жүлдесінің иегелері атанды.

Қысқаметражды фильмдер байқауында Мейіржан Сандыбайдың «Ит» анимациясы жеңіске жетті. Қырғыз режиссері Ақиқат Асқаровтың «Жүзу» картинасы да шеттен тыс қалмай, қазылар алқасының бағалауына ие болды.

XIII «Еуразия» кинофестивалі 22 шілде күні Астанада басталған болатын. Ашылу кезінде отандық кинематографияның классигі «Қыз Жібек» фильмі, ал халықаралық байқаудың жабылуында Люк Бессонның «Валериан және мыңдаған ғаламшардың қаласы» фантастикалық киносы көрсетілді.

Айта кету керек, «Еуразияның» байқау және байқаудан тыс бағдарламаларында барлығы 296 фильм таныстырылды. Негізгі байқауға Әзербайжан, Германия, Қазақстан, Норвегия, Ресей, Түркия және Франция елдерінен 12 картина қатысты.

Көлемді кино оқиғаны Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық Кинематография өнері және ғылымы Академиясы ұйымдастырған болатын.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Төлепберген Байсақалов

Актер