«Жол. Путь боксера» және «Воля к победе» фильмдері «Красногорский» ХКФ қатысады
Асқар Ұзабаевтың «Жол. Путь боксера» және Тоқтар Қарсақбаевтың «Воля к победе» фильмдері «Красногорский» Халықаралық спорттық кинофестиваліне қатысады. Кинобайқау 13 сәуірден 20 сәуірге дейін жалғасады. Өткізілетін орны – Ресей, Красноярск қаласы.
«Жол. Путь боксера» фильмін режиссер Асқар Ұзабаев («Келинка тоже человек») 2014 жылы түсірген. Сюжеттің негізгі кейіпкері - жас боксер. Жігіт күндіз базарда жүк тасушы болып ақша тапса, кеш қарайған шақта жасырын жекпе-жектерге қатысып жүреді. Уақыт өткен сайын кейіпкер кәсіби жекпе-жекке шыққысы келетінін түсінеді. Алайда, оның таңдаған жолы ауыр болып шығады.
«Жол. Путь боксера» фильмінен көрініс
Фестивальдің екінші қатысушысы – режиссер Тоқтар Қарсақбаевтың жұмысы «Воля к победе» деректі фильмі. Оқиға кейіпкері – грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров. Фильм 2015 жылы жарыққа шықты.
«Красногорский» спорттық кинофестивалі 2003 жылдан бері Красноярск қаласында өткізіліп келеді. Бұл - ТМД елдеріндегі және Шығыс Еуропадағы ең ірі спорттық кино оқиға. Фестивальдің басты мақсаты – салауатты өмір салтын және өскелең ұрпақ арасындағы түрлі спорт түрлерін насихаттау. Кинофестивальде 15 жыл ішінде 66 мемлекеттен 1000-нан астам картина көрсетілді.
«Воля к победе» фильмінен көрініс
Биылғы жылы көрермендерге Австрия, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Италия, Қазақстан, Ресей және т.б. мемлекеттерден 70 кино жұмыс таныстырылатын болады. Барлық қатысушы фильмдер алты номинация бойынша үздік атануға таласады: «Үздік сюжет», «Үздік кейіпкер», «Рухты», «Үздік режиссура», «Үздік деректі фильм» және «Үздік көркем фильм».
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін