«Ninety One» тобы «Қағаз кеме» хикаясына түсіп жатыр
«Ninety One» тобының продюсері Ерболат Беделхан «91» өмірбаяндық фильмімен тоқтап қалғысы жоқ, ол қазіргі таңда «Қағаз кеме» хикаясының түсіріліміне кірісіп кетті. Картинадағы басты кейіпкерлерді қайтадан бойз-бэндтің мүшелері сомдамақ. Олар - Азамат Зенкаев, Данияр Құлымшин, Дулат Мұхаметқалиев, Азамат Ашмақын және Батырхан Маликов.
Түсірілім жұмыстары Қырғызстанда, Бішкек қаласында өтіп жатыр. Алдағы уақытта жарыққа шығатын фильм мектеп оқушылары мен олардың мәселелері, қиындықтары туралы болмақ. «Ninety One» тобының жанкүйерлері көрермендерді жасөспірімдер туралы корей драмасына ұқсас туынды күтуде деп топшылауда.
«Қағаз кеме» хикаясының түсірілімінен сурет
Көпсериялы таспа «Juz Entertainment» продюсерлік орталығымен өндірілуде. Режиссерлік жұмысты Ерболат Беделхан өз қолына алды. Ал жобаның шолу бағытын қоюшы-оператор Нұрсұлтан Базарбайға сеніп тапсырды.
Қазақстандықтар «Қағаз кеме» хикаясын биылғы жылдың қазан айында бағалайтын болады. Хикая «НТК» телеарнасынан көрсетілмек.
Еске сала кетсек, биылғы мамырда «91» фильмінің түсірілімі аяқталған болатын. Картинада Q-pop орындаушыларының қиындықтары мен жеке оқиғалары көрсетіледі.
Суреттер Асыл Беделханның Instagram-дағы жеке парақшасынан алынды
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін