È

Қанағат Мұстафин мен Айдын Сахаман «Қалай да той жасау» комедиясының тұсауын кесті

Қанағат Мұстафин мен Айдын Сахаман «Қалай да той жасау» комедиясының тұсауын кесті

Режиссерлар Қанағат Мұстафин мен Айдын Сахаман «Қалай да той жасау» отбасылық комедиясының тұсауын кесті. Қоюшылар фильмде кез-келген отбасыға тән екі мерекені – Наурыз бен «Қыз ұзату» салтын біріктіруге тырысқан. Картина ауқымды айналымға 21 наурыз күні шығады.

«Қалай да той жасау» телевизия режиссерінің көмекшісі Мақсаттың хикаяларын баяндайды. Жігіт қарындасының «Қыз ұзатуы» қарсаңында мейрамхана шығынын төлеуге бағытталған ақшаны жоғалтып алады. Күйеу баланың туыстарының алдында масқара болмас үшін әрі қарындасының тойының шырқын бұзбау мақсатында Мақсат шиеленісті оқиғаға тап болады. Ол әріптестерін көндіре отырып, телестудияны дәмханаға, ал отбасылық мерекені ток-шоуға айналдырады.

«Фильм идеясы 5-6 жыл бұрын туындаған және телевизиялық кино ретінде ұсынылған. Алайда, басқа жобаларға байланысты фильм кейінге шегеріле берді. Былтыр осы жобаға қайта оралып, серіктес болуға сценарист Әлішер Утевті, Айдын Сахаманды және басқа да жігіттерді шақырдым. Біз жарты жыл бойы сценарийді жаңарттық. Айдынмен «Қара шаңырақта» бірге жұмыс істеген едік. Әрине, бізде тойға, құдаларға қатысты фильмдер көп. Бірақ, бұл біздің жақсы дәстүріміз жайлы фильм. Оның үстіне, бізге дейін «Қыз ұзату» секілді әдемі салтқа қатысты кино түсірілген жоқ. Картина көрермендерге ұнайды деп ойлаймын», - деді Қанағат Мұстафин.

«Қалай да той жасау» фильмінен көрініс

Мақсаттың рөлі Шәріп Серікке сеніп тапсырылды. Оның әріптестерін Айым Сейтметова, Динара Бақтыбаева және Жан Байжанбаев сомдады. Кейіпкердің туыстарын Ақбота-Нұр Сейтмағамбет, Данагүл Темірсұлтанова және Азат Сейтметов ойнады.

«Қалай да той жасау» таспасының түсірілімі 2017 жылдың күзінде Астана мен Алматыда болды. Актерлардың айтуынша, түсірілім жеңіл әрі көңілді өткен.

«Түсірілім барысында ешқандай да қиындық туындаған жоқ. Алаңда достық қатынас орнады. Жас актерлар Дидар Кәден, Айым Сейтметова және Шәріп Серікке қарау жағымды әсер сыйлады. Олар бізден, біз олардан жаңа дүниелерді үйреніп отырдық. Маған Шәріптің ойыны ерекше ұнады. Әсіресе, ата-анасына ақшаны жоғалтқанын айтатын көрінісі керемет», - деді Данагүл Темірсұлтанова.

Фильм өндірісімен KANAIDAR Production продюсерлік орталығы, BozOk film компаниясы және Arai Media group студиясы айналысты. Түсірілім үшін алматылық сауда орталықтарының бірі арнайы павильонға айналған.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Санұржан Сүлейменов

Актер