Қанағат Мұстафин «Арманға жиырма қадам» хикаясының түсірілімі жайлы

Алматыда «Арманға жиырма қадам» хикаясының соңғы түсірілімдері өтті. Qazaqstan телеарнасының тапсырысымен түсірілген көпбөлімді драма Астананың 20 жылдығына арналған. Сюжетте үш отбасының тағдыры баяндалады және Қазақстанның жаңа астанасы дүниеге келеді.
Хикаяға Қанағат Мұстафин режиссерлік етті. Таспа өндірісімен Arai Media Group компаниясы айналысты, қоюшы бұл компаниямен үшінші жобасын түсіріп жатыр. Олар бірге «Телепорт» хикаясын және «Қалай да той жасау» толықметражды комедиясын шығарған болатын.
«Түсірілім жеңіл өтті. Кез-келген жоба дайындыққа байланысты, қаншалықты көп дайындалсаң, өндіру де соншалықты жеңіл болады. Қашу мен атыс-шабысқа қатысты қиындау көріністер жоспар бойынша орындалды. Тек 90-жылдардың ауанын қалыптастыру кезінде біраз қиындықтар орын алды. Реквизиттер – пейджерлерді, техниканы жылдам таптық, ал ғимараттар мен көшелер жағы қиындық тудырды. Сол себепті, заманауи үйлерді, көліктер мен құрылғыларды жасыруға тура келді. Астанада 12 күн түсірдік», - деді түсірілім барысы жайлы режиссер.
Қанағат Мұстафиннің айтуынша, актерлік ансамбльді жұлдызды деп атауға болады. Драмаға Бауыржан Қаптағай, Райхан Қалиолдина және Ғани Құлжанов сынды белгілі актерлар түсті. Жас актерлардан жобаға Мақсат Сәбитов, Жазира Еркін, Айнұр Бабаева, Нышанбек Жұбанаев және Дастен Шәкіров қатысты.
Картинадағы басты рөлдердің бірін Мереке Шаймұрат сомдады. Актердің пікірінше, кейіпкері көрерменнің көңілінен шығуы тиіс.
«Кейіпкерімнің есімі Болат. Ол сымбатты, адал, шынайы әрі тәрбиелі адам. Ол арманын жүзеге асыру үшін 98-жылы Астанаға көшіп келеді. Болат қарапайым отбасынан шыққан, адалдығы мен ақкөңілдігінің арқасында барлығына өз күшімен қол жеткізеді. Әр рөлдің өз қиындығы бар. Кейіпкердің басынан мен шынайы өмірде өткермеген қиындықтар өтеді. Бар қиындық сонда шығар, дегенмен бұл рөлге деген қызығушылықты одан сайын арттыра түседі», - деп бөлісті Мереке.
Драма сценарийін режиссер Қанағат Мұстафин Жанат Қасабековпен бірге жазған.
«Арманға жиырма қадам» хикаясы телеэкранға жақын арада шығады.
.jpg)







пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін