È

Қажымұқан Қалымбетов «Абзал жан» хикаясында басты рөлді сомдайды

Қажымұқан Қалымбетов «Абзал жан» хикаясында басты рөлді сомдайды. Қазақстан киносы

Актер Қажымұқан Қалымбетов «Абзал жан» хикаясында басты рөлді сомдайды. Көпсериялы драма көрермендерді репродуктология (бедеулікті зерттеумен және емдеумен айналысатын медицина саласы – Ред.еск.) орталығы қызметкерлерінің жұмысымен және емделушілерімен таныстырмақ. Қалымбетов өзінің рөлі жайында және түсірілім жұмыстары жөнінде «Бродвей» кинопорталына айтып берді.

«Бұл жобаға аяқ астынан келдім. Кастингке досым баратын болып, апарып тастауын өтінді. Кастинг өтетін жерге келген соң, маған да қатысып көруге ұсыныс білдірді. Өзім де тәуекелге бел байлап, кіре салдым. Содан кейін мені басты рөлге бекіткендерін айтқанда, қатты таң қалдым. Кейіпкерім – өз ісінің нағыз маманы, табысты дәрігер Абзал Смағұлов. Ол өте адал әрі ақкөңіл жан. Маған оның табандылығы, мақсатшылдығы ұнайды. Алдына бір мақсат қойса, оған міндетті түрде жетеді. Дәрігер үшін нәтиже өте маңызды. Тіпті, кейде оның қиындықтарды оңай еңсеретінін көріп, қызғанып кетемін»,-дейді Қажымұқан Қалымбетов.

Суреттер Қажымұқан Қалымбетовтың жеке Instagram парақшасынан алынды

Белгілі болғандай, актер үшін скальпель ұстау таңсық емес екен. Қажымұқан мектеп бітірген соң, медицина университетіне оқуға түседі. Бірақ, мектеп кезінен бері өнер әлемін аңсағандықтан, фельдшер білімін алғаннан кейін, Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-на құжаттар тапсырады да, актерлік факультетке түседі.

«Медицина университетінің қабырғасында алған білімім бір кәдеге жарады. Тіпті, шынайы өмірде болмаса да... Сондықтан, түсірілім алаңында ешқандай қиындық болған жоқ. Терминдерді, медицина құралдарын қалай ұстау керектігін, кесуді білемін. Кейде басқа да актерларды үйретемін. Оның үстіне, түсірілім алаңындағы кәсіби кеңесшілер бізді түзеп, әр нәрсенің дұрыстығын көрсетіп отырады»,-деп бөлісті Қалымбетов.

«Абзал жан» хикаясының өндірісімен «Хабар» телеарнасының тапсырысы бойынша «Бірінші шығармашылық бірлестік» студиясы айналысуда.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Санұржан Сүлейменов

Актер