È

«Аға ма әлде неке ме» комедиясы отандық айналымның көш басында тұр

26-29 қазан аралығындағы кассалық жинақ

Өткен демалыс киномандарды атышулы «Матильда» картинасымен және «Аға ма әлде неке ме» отандық комедиясының шығуымен қуантты. Сондай-ақ, көрермендерді «Скайлайн 2» фантастикалық триллері және «Ара 8» қорқынышты фильмі қызықтырды. Отандастарымыздың киножаңалықтар көрсетіліміне қанша қаржы жұмсағанын Қазақстандағы кассалық жинаққа арналған арнайы материалымыздан оқыңыздар.

Кассалық жинақтың көш басында «Аға ма әлде неке ме» отандық фильмі тұр. Комедия 85 951 000 теңге жинады. Картина режиссер Ернар Нұрғалиевтың дебютті толық метрі болып табылады. Фильм - актриса әрі продюсер Құралай Анарбекова негізін қалаған Corich group компаниясының алғашқы үлкен жобасы. Сондай-ақ, комедия әзілкеш Нұрлан Сабыровтың үлкен киноға бағытталған жолын ашты.

«Аға ма әлде неке ме» фильмінен көрініс
«Аға ма әлде неке ме» фильмінен көрініс

Бірінші орыннан екіншісіне жайғасқан «Соңғы жауынгер» ресейлік таспасы екінші аптада 40 163 854 теңге жинады. Фильм Disney студиясының екінші ресейлік жобасы атанды. Алғашқысы – 2009 жылы жарыққа шыққан «Ұсталар кітабы». Саз батпақтағы түсірілім арнайы су қоймасы салынған павильонда өтті. Оны салуға 3 апта мен 200 тонна су жұмсалған.

Үшінші орынды «Геодауыл» фильмі иеленді, ол кассаны 17 008 900 теңгеге толтырды. Картинаны «Тәуелсіздік күні» (1996) және «Тәуелсіздік күні: Қайта құру» (2016) картиналары арқылы танымал режиссер Дин Девлин түсірген. «Геодауыл» сценарийін Девлиннің өзі Пол Гуйомен бірігіп жазған. Екеуі бұрын «Кітапханашы» және «Тоналған тонау» хикаяларымен бірге жұмыс істеген.

«Шанхай тасымалдаушысы» шытырман оқиғалы атыс-шабыс фильмі 13 989 500 теңге көлемінде пайда тапты. Фильм - британ режиссері Чарльз Мартиннің дебютті жұмысы. Бұрын ол тележобалар түсіретін. Оның фильмографиясында 11 хикая бар. Актер Орландо Блум үшін «Шанхай тасымалдаушысы» Қытайда түсірілген алғашқы картина болды.

«Матильда» фильмінен көрініс
«Матильда» фильмінен көрініс

«Ара 8» қорқынышты фильмі бірнеше мыңға кем теңге жинаған. Таспа жинағы 13 982 100 теңгені құрайды. Франшизаның жаңа бөлімін ағайынды режиссерлар Майкл мен Питер Спириг түсірді. Фильм өндірісімен Lionsgate компаниясы айналысты. Олар бұл жобаға 2012 жылдан бері қызығушылық танытып келген.

Атышулы «Матильда» тұсаукесерлі аптада 13 386 927 теңге жинады. Алғашында II Николайдың рөлі Данила Козловскийге, ал дәрігер рөлі Ларс Айдингерге ұсынылған еді. Бірақ, гримерлар Ларсқа сақал таққан кезде, актер патшаға қатты ұқсап қалады. Ақыры, Ларс II Николайды, ал Данила Козловский офицер Воронцовтың рөлін сомдайды.

«Скайлайн 2» фантастикалық триллері 8 557 600 теңге жинады. Фильмнің режиссерлары әрі продюсерлері – ағайынды Колин мен Грег Штраус, олар ешқандай да студияға хабарласпай, фильмді өз қаржыларына түсірген. Картина түгелімен Грег Штраус тұратын Лос-Анджелестің бір ғимаратында түсірілді.

«Скайлайн 2» фильмінен көрініс
«Скайлайн 2» фильмінен көрініс

«Америкада жасалған» атыс-шабыс фильмінің жинағы 7 732 800 теңгені құрады. Фильм түсірілімі 2015 жылдың 14 қыркүйегінде басталған. Картина «Мена» уақытша атауымен АҚШ-тың Джорджия штатында, Колумбияда түсірілді. 2016 жылы режиссер Даг Лайман қосымша түсірілім өткізді, ал 2017 жылы кейбір көріністер түгелімен қайта түсірілді.

Ең аз касса жинаған фильмдер: «Қарғыс. Біздің күндер» - 4 625 100 теңге, «Голем» - 3 430 000 теңге, «My Little Pony кинода» - 3 162 000 теңге, «Салют-7» - 3 120 598 теңге.

Өткен демалыстағы аутсайдерлердің ішінде 1 563 600 теңге жинағымен «Қорқыныштарымның үйі» америкалық хорроры, 2 332 900 теңге жинағымен «Біз – құбыжықтармыз» анимациясы және 1 917 629 теңге жинағымен «Жүзбен жүгіруші 2049» кинофантастикасы бар.

*Материалдар Meloman Entertainment компаниясының, Comscore және Ticketon.kz жүйелерінің мәлеметтері бойынша дайындалды

Қазақстанда Comscore жүйесіне Chaplin Cinemas, Star Cinema және Арсенал кинотеатрлар желісі қосылған

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Досхан Жолжақсынов

Актер