È

Мектеп түлектері жайлы баяндайтын «Класстастар» комедиясы Алматыда көрсетілді

Мектеп түлектері жайлы баяндайтын «Класстастар» комедиясы Алматыда көрсетілді

Алматыда Әсел Сәдуақасованың продюсерлігімен түсірілген «Класстастар» комедиясының тұсауы кесілді. Картина мектеп бітіргеннен кейін алғаш рет кездесіп отырған сыныптастар жайлы баяндайды.

Сюжет бойынша Әлия мектепті 18 жыл бұрын бітірген. Содан бері үлгілі мұғалімнің өмірінде жарқын сәттер бола қоймады. Ол мектепте мұғалім болып жұмыс істейді, күйеуге шықпаған әрі достары да жоқ. Сынып жетекшісінің ауруханаға түсіп қалғанын естіген кейіпкер сыныптастарын жинауға тырысады. Түлектер кездесуінің қалай өрбитінін көрермендер жақын арада білетін болады. Фильм айналымға 15 наурыз күні шығады.

«Әсел екеуіміз бұрыннан таныспыз. Бірақ, Әсел продюсерлік еткен жобаға алғаш рет түсуім. Мен онымен қуана жұмыс істедім. Ол өте білімді, салмақты қыз. Рөліме келер болсам, кейіпкердің біреуі сыныптастар кездесуіне өз қалыңдығын, яғни мені алып барады. Қалыңдық жігіттен 20 жас үлкен. Кейіпкерім сол кеште өзін ыңғайсыз сезінеді, бірақ балалармен ортақ тіл табысуға тырысады. Жұмысымызды көрермендердің қалай бағалайтынын көре жатармыз», - деді актриса Ирина Ажмұхамедова.

Кейіпкерлерді Әсел Сәдуақасова, Олжас Абай, Рүстем мен Жанаргүл Жаныамановтар, Әсел Қалиева, Дәурен Айдарқұлов және Мәдина Күлсейітова сомдады.

Актерлар бірауыздан боранда өткен көріністердің қиынға соққанын айтады. Түсірілім кезінде ұсақ пенопластан жасалған жасанды қар пайдаланылды, сол қар біресе көзге, біресе құлақ пен мұрынға кірген екен.

«Түсірілім тобына оңай болмады. Картина қыста, Алматыда қатты аяз болған уақытта түсірілді. Қателеспесем, температура 27-28 градустан төмен болды. Әр дубльден соң түсірілім тобы көлікке барып, жылынып алып, қайтадан түсірілімге шығып отырды. Борандағы түсірілімді осылай өткіздік. Әйтеуір, ешкімнің ауырмағаны жақсы болды. Жалпы, түсірілім көңілді өтті, есте қаларлықтай оқиғалар жетерлік. Түсірілімге барлығы 17 күн кетті», - деп бөлісті режиссер Ернар Нұрғалиев.

«Класстастар» фильмінің қоюшының 2018 жылы жарыққа шыққан екінші жұмысы екенін айта кету керек. Режиссердің әзірге толық үш метрі бар. Жақында ғана Ернар Баян Алагөзовамен бірге «Сиситай» фильм-мюзиклін ұсынған болатын.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер