È

«Юрск кезеңі әлемі 2» алғашқы жинақта «Хан Соло: Жұлдыздар соғысы. Тарихты» басып озды

7-10 маусым аралығындағы кассалық жинақ

Өткен аптада үлкен экранға «Тұла бойы сұлу» атты өте көңілді фильмде жарқын Эми Шумер пайда болды және «Реинкарнация» хоррорында бір жанның қайта туылуы, «Отбасыңнан қашып құтыла алмайсың» комедиясында туған-туыстарынан қашып жүрген табысты дизайнер көрсетілді. 7-10 маусым аралығында айналым жаңалықтары қандай касса жинады екен, төменнен оқыңыздар.

Кассалық жинақ* рейтингісінде «Юрск кезеңі әлемі 2» көш бастап, демалыста 158 946 250 теңге жинады. Фильмнің алғашқы жинағы өткен аптаның үздігі - «Хан Соло: Жұлдыздар соғысы. Тарих» (32 578 275 теңге) картинасынан асып түсті. Кинотаспа «Юрск кезеңі саябағы» франшизасының бесінші және «Юрск кезеңі әлемі» трилогиясының екінші фильмі болып табылады. Алғашқы бөлімі 2015 жылы жарыққа шыққан еді.

Тұсаукесерлі демалыста «Тұла бойы сұлу» комедиясы 52 322 150 теңгеге ие болды. Картина - қос сценарист Эбби Кон мен Марк Сильверштейннің режиссерлік дебюті. Екеуі «Ант» (2012) пен «Уәде беру – үйлену дегенді білдірмейді» (2009) фильмдеріне атсалысқан. Бұл Эми Шумердің толықметражды фильмдегі 6-шы рөлі. Оның қатысуындағы белгілі картиналар: «Қызы мен анасы» (2017) және «Ережеге бағынбайтын бойжеткен» (2015).

«Юрск кезеңі әлемі 2» фильмінен көрініс
«Юрск кезеңі әлемі 2» фильмінен көрініс

«Қызыл торғай» триллері 6 134 400 теңге көлемінде пайда тапты. Дженнифер Лоуренс дайындық ретінде төрт айлық балет курсынан өтті, яғни балет нұсқаушысы Курт Фроманмен бірге күніне 3 сағат дайындалған. Сондай-ақ, актриса орыс акцентін жаттықтырды. Үзіліссіз дайындыққа қарамастан, кейбір көріністерде Дженнифердің орнына америкалық балет бишісі Изабелла Бойлстон түскен.

«Дэдпул 2» блокбастері 5 029 500 теңге жинады. Көптеген жанкүйерлер Дэдпулдың экранда көрсетілген хикаясы мен түпнұсқасының айырмашылығын байқаған. Мысалы, комикстерде Домино терісі жасанды түрде ақ болатын. Фильмде оны қара нәсілді актриса сомдады. Комикстерде Домино Дэдпулды жек көретін Кейблдің қызы болған. Ал кинода керісінше, ол Кейблге қарсы шыққан Дэдпулдың одақтасы ретінде көрінді.

«Реинкарнация» қорқынышты фильмінің алғашқы жинағы 3 716 650 теңгені құрады. Таспа режиссер Ари Астердің дебютті толықметражды жұмысы болып табылады. Жас қоюшының қоржынында бес қысқаметражды фильм бар. Фильм идеясының және сценарийінің авторы Астердің өзі болды. Оның картинасының тұсауы 2018 жылдың 21 қаңтарында «Сандэнс» кинофестивалінде кесілген.

«Дэдпул 2» фильмінен көрініс
«Дэдпул 2» фильмінен көрініс

«Қос құйрық» анимациялық таспасы айналымдағы екінші аптада 3 379 896 теңге жинады. «Лицензиялық брендтер» ресейлік студиясы үшін жоба екінші болып саналады. Алғашқысы – биылғы жылдың тамызында жарыққа шығатын «Ханшайым мен айдаһар: Сиқырлы айнаның құпиялары» мультфильмі. Болашақта студия жас көрермендерге Пиноккио, дельфин және панда баласы туралы үш картина ұсынуды жоспарлап отыр.

«Хан Соло. Жұлдыздар соғысы. Тарих» ғарыштық аңызы айналымдағы үшінші аптада 2 639 506 теңге жинады. Фильмге Майкл Кеннет Уильямс («12 жылдық құлдық») түсуі мүмкін еді. Оның қатысуындағы көріністер түсіріліп үлгерген. Алайда, картинаны қайта түсіру керек болғандықтан, актер кестесінің тығыздығына байланысты орала алмады. Соңында, оның кейіпкерін фильмнен алып тастаған.

«Хан Соло. Жұлдыздар соғысы. Тарих» фильмінен көрініс
«Хан Соло. Жұлдыздар соғысы. Тарих» фильмінен көрініс

«Отбасыңнан қашып құтыла алмайсың» комедиясы 2 567 471 теңге көлемінде пайда тапты. Режиссері, сценарий авторы және басты рөлді сомдаған актер Дэни Бун болды. Оның сөзінше, картина идеясы 2011 жылы туындаған екен, бастапқыда ол «Бобро поржаловать!» (2008) фильмінің жалғасы ретінде жоспарланған. Кейін, автор одан бөлек хикая жасауды ұйғарыпты.

Кирилл Серебренниковтың «Жазының» жолы бола қоймады. Картина айналымдағы алғашқы аптада 1 622 679 теңге жинаған.

Төменгі рейтингке 1 281 789 теңге жинағымен «Елестер хикаясы» және 1 201 200 теңгемен «Жыныстық қатынас болмайды!!!» фильмдері жайғасты.

 

*Материал Meloman Entertainment және Ticketon.kz компанияларының мәліметтері бойынша дайындалды.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер

Вадим Шлахтер

Актер

Анастасия Фёдорова

Актриса