Молданазар «Алтыншы бекет» фильміне саундтрек жазды
Әнші және сазгер Ғалымжан Молданазар «Алтыншы бекет» фильмінің саундтрегіне бейнебаян түсірді. Кинотаспаның басты музыкалық композициясы 2012 жылы орындаушының өзі жазған «Қараңғы» әні болды.
«Алтыншы бекет» - 2010 жылы болған шынайы оқиғаға негізделген әскери-патриоттық драма. Сол жылы Маңғыстау облысындағы қатаң тәртіп колониясынан тұтқындар қашып кеткен болатын. Қашқындарды тоқтату үшін 19 жастағы қатардағы жауынгер Ербол Отарбаев өз өмірін қауіпке тікті.
Фото: khabar.kz
Шынайы оқиғаны экран арқылы көрсету идеясы Қазақстан Республикасы ұлттық Ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Сатов Мұхаметқали Құсайынұлына тиесілі. Картинаның қоюшы-режиссері – Серікбол Өтепбергенов, продюсері – Данияр Ибрагимов.
Алматыда өткен музыкалық бейнебаян түсіріліміне Ұлттық гвардия жауынгері Ербол Отарбаев және оның рөлін сомдаған актер Санұржан Сүлейменов қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, Ғалымжан Молданазардың әндері «Тыйым салынған билер», «Қазақша тонау», «Сәбина келін» және «Тараз» фильмдерінде орындалған болатын.
«Алтыншы бекет» фильміне арналған саундтрек бейнебаянының көрсетілімі наурыз айының басында өтеді деп күтілуде.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін