«Коко құпиясы» мультфильмі қазақ тіліне дубляждалды
23 қарашада киноэкранға «Коко құпиясы» атты қазақ тіліне дубляждалған анимация жарыққа шығады. Американдық мультфильм мемлекеттік тілге аударылған 23 картина болды.
«Коко құпиясы» мультфильмінің басты кейіпкері – өмірін музыкамен байланыстырғысы келетін Мигель есімді жасөспірім. Алайда, бұл ойына ата-аналары қарсы шығады. Балақай айналасындағыларға өз дарынын дәлелдеу мақсатында отбасының құпиясын ашуға және оның Еске алу күнімен (Қайтыс болған АҚШ азаматтарын еске алу күні – ред.) байланысын білуге тырысады. Кейіпкерге адал досы Гектор көмектеседі.

«Коко құпиясы» мультфильмінен көрініс
Анимация «Оскар» және «Алтын глобус» жүлделерінің лауреаты Ли Анкричтің жаңа жұмысы, ол әлемге «Құбыжықтар бірлестігі» және «Ойыншықтар хикаясы» сынды тамаша фильмдерді сыйлаған. Картина «Дисней» студиясының негізінде түсірілді.
«Коко құпиясы» картинасының дубляжын «Болашақ» корпоративтік қоры Marwin компаниясымен бірігіп жүзеге асырды.
Еске сала кетсек, биылғы жылы қазақ тіліне аударылған фильмдер: «Алғашқылар дәуірі», «Валериан және мың ғаламшар шаһары», «Галактика сақшылары. 2 бөлім» және «Өрмекші адам: Қайта оралу».






пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін