Нина Усатова Ермек Тұрсыновтың «Киномеханик» жаңа картинасына түсті
Отандық кинорежиссер Ермек Тұрсынов «Киномеханик» атты фильмнің түсіріліміне кірісті. Тұрсынов негізгі рөлдердің біріне Ресей Халық әртісі, театр және кино актрисасы Нина Усатованы («53-тің суық жазы», «Парижге қарайтын терезе», «Мұсылман») шақырды. Режиссердің айтуынша, шабанның орыс жесірі Қатира кейіпкері Нина Николайқызына бейімделіп жазылған.
«Мен үшін бұл жәй ғана фильм түсірілімі емес, бұл балалықпен қауышу. Өйткені, мен жақын жерде Алтай маңында дүниеге келдім. Бала күнімде қой бағатын едім, сондықтан, оларды түсірілім алаңынан көргенде сол кездер есіме түсіп кетті. Мені адамгершілікпен өте жақсы қарсы алды. Тіпті, осылай қарсы алғандарына ұялып кеттім. Ермек Тұрсынов жаңа фильміне шақырғанда, мұның кездейсоқ емес екенін түсініп, солай болуы керек шығар деп ойладым. «Киномеханик» - өте әсерлі хикая. Ермек сценарийде өзінің ауыртпашылығын, қайғысын, мазалайтын дүниесін жазды. Мен осы жобаға қажет болғаным үшін қуаныштымын»,-деп бөлісті әртіс.
Сурет: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінен
«Киномеханик» фильмі – соғыстан соң туған жеріне оралатын сарбаз туралы хикая. Бірақ, ол құр қол келмейді. Қолында сыйланған киноаппараты бар. Кейіпкер бірнеше жыл бойы ауылдарды аралап, тұрғындарды кино өнерімен таныстырып, түрлі фильмдер көрсетеді.
«Мен Ермек Тұрсыновтың жұмыстарын қызығушылықпен қараймын. Әсіресе, «Шал» фильмі маған ерекше әсер етті. Картинаны көріп отырып, басты кейіпкермен бірге уайымдадым, арасында жылап, күліп отырдым, айғайладым. Жалпы, түрлі сезімдерге бөлендім. Көп болып еді мұндай сезімдерді бастан кешпегелі. Фильмді көріп болғаннан кейін де бірнеше күн сол туралы ойлап жүрдім. Ол сондай әсерлі, тіпті, деректі киноға жақын дер едім. Фильмнің шынайылықпен түсірілгені соншалық, мұндай киноны ешкім түсірмейтін шығар деп ойлаған едім. Сондықтан, осы жерде режиссермен ортақ бір жұмысты істегенім үшін, жақсы кино түсіріп, осы салаға қатысымды көрсете алғаным үшін бақыттымын»,-деді Нина Усатова.
«Киномеханиктегі» басты рөлді 69 жасар Мұрат Мұқажанов сомдайды. Сондай-ақ, фильмге Қуат Тілеубаев пен Ісбек Әбілмажанов түсті.
Қазіргі таңда фильм түсірілімі Алматы облысы, Жаркент қаласының жанында өтіп жатыр.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін