È

«Тор: Рагнарёк» - Қазақстандағы жинақ бойынша күзгі рекордсмен атанды

2-5 қараша аралығындағы кассалық жинақ

Қарашаның алғашқы демалысы көптен күткен «Тор: Рагнарёк» фильмінің шығуымен есте қалды. Отандық көрермендерді Тордың шытырман оқиғалары ғана емес, «Фиксиктер: Үлкен құпия» мультфильмінің кейіпкерлері де қуантты. Айналым жаңалықтарының қандай касса жинағанын Қазақстандағы кассалық жинаққа арналған материалымыздан оқи аласыздар.

Күзгі жинақтың рекордсмені - «Тор: Рагнарёк». Кинофантастика тұсаукесерлі демалыста 259 031 787 теңге жинап үлгерген. Фильм «Жүзбен жүгіруші 2049» (95 526 900 теңге), «Оно» (113 659 000 теңге) және «Америкада жасалған» (99 407 350 теңге) секілді күзгі тұсаукесерлерді басып озды. Айта кету керек, Тайка Вайтити режиссерлік қызметті ғана атқарып қоймай, актерлік шеберлігін де көрсетті. Қоюшы әлемдік Marvel-дің жаңа кейіпкері Коргты сомдады.

«Тор: Рагнарёк» фильмінен көрініс

«Аға ма әлде неке ме» отандық комедиясы 61 359 400 теңге көлеміндегі жинағымен екінші орынға түсіп қалды. Фильмнің актерлік құрамы сценарий дайындалып жатқанда белгілі болған. Бірақ, авторлардың жоспары жүзеге аспай қалуы мүмкін еді, себебі Тәуекел Мүсілім жобаға қатысудан бас тартқан. Дегенмен, режиссер Ернар Нұрғалиевтің бір ғана қоңырауы барлық мәселені шешкен. Кейіннен, Тәуекел Ернарды қатты сыйлайтынын, сондықтан келіскендігін мәлімдеді.

Үшінші аптада «Соңғы жауынгер» ресейлік ертегісі 30 378 530 теңге жинады. Фильмге түсетін актерларды Ресейдің барлық аймақтарынан үш ай бойы іздеген екен. Нәтижесінде, Иван рөліне «Ас үй» хикаясы арқылы танылған Виктор Хоринякты, ал Василиса рөліне Мила Сивацкаяны («Тағдыр тораптары») бекіткен. Бойжеткен үшін жоба үлкен кинодағы дебюті болды. «Соңғы жауынгердің» жалпы жинағы 163 110 806 теңгені құрайды.

«Фиксиктер: Үлкен құпия» мультфильмінен көрініс

«Фиксиктер: Үлкен құпия» мультфильмінің де көрсеткіштері жаман емес. Айналымдағы алғашқы демалыста анимация 29 978 710 теңге жинады. Бір қызығы, алғашында «Фиксиктер» жобасы толықметражды фильм ретінде қарастырылған. Бірақ, авторлар хикая түсіруді ұйғарған. Олар қателеспеген екен, себебі мультфильмді көрсету құқығын әлемнің 90 елі иеленген.

«Дәрігер Ноктың айласы» қызықты комедиясының кассалық жинағы 15 769 050 теңгені құраған. Фильм Жуль Роменның «Нок, немесе медицина салтанаты» пьесасының екінші экрандауы болып табылады. Алғашқысын 1951 жылы Ги Лефранк түсірген. Картинаның қоюшысы – режиссер әрі сценарист Лоррэйн Леви, ол бұрын «Көрегендік» (2015), «Басқа ұл» (2012) және «Әр адам сүюге лайықты» (2008) фильмдерін түсірген.

«Геодауыл» фильмі 6 734 000 теңге көлемінде қаржы жинады. Бастапқыда триллер әлемдік айналымға 2016 жылдың 25 наурызында шығуы керек болатын. Бірақ, Warner Bros. компаниясы сол күнге «Супермен Бэтменге қарсы: Әділдік таңы» фильмін қойып, өзгеріс енгізген. NASA-ның кейбір көріністері NASA-ның Жаңа Орлеандағы шынайы ғимараттарында түсірілді.

«Дәрігер Ноктың айласы» фильмінен көрініс

«Матильда» драмасы айналымның төртінші аптасында кассаны 4 196 174 теңгеге толтырды. Сценарий жазуға Франция мен Америкадан келген 12 автор атсалысқан. Соңында Александр Тереховтың нұсқасы бекітіледі. Фильм музыкасымен дирижер Валерий Гергиевтің жетекшілігіндегі Мариин театрының Симфониялық оркестрі айналысты. «Матильда» жалпы айналымда 24 230 834 теңге жинады.

Төрт миллионнан төмен жинаған фильмдер: «Ара 8» қорқынышты фильмі - 3 258 900 теңге және «Салют-7» ғарыштық аңызы - 3 120 598 теңге.

Өткен аптада жеңіліс тапқандар қатарында 2 191 850 теңгеге ие болған «Біз - құбыжықтармыз» фильмі, 1 646 400 теңгесімен «Жабайы» кинотаспасы және 1 536 800 теңге жинаған «Арман» отандық драмасы бар.

 

*Материал Meloman Entertainment компаниясының, Comscore және Ticketon.kz жүйелерінің мәліметтері бойынша дайындалған.

Қазақстанда Comscore жүйесіне Chaplin Cinemas, Star Cinema және Арсенал кинотеатрлар желісі қосылған.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Дастен Шәкіров

Актер