Алматы облысында «Welcome to Zhetysu» атты шытырман оқиғалы кино түсірілді
Алматы облысында «Welcome to Zhetysu» фильмінің түсірілімі аяқталды. Картинаны Алматы облысы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен режиссер әрі продюсер Ерлан Ошақпев түсірген. Сценарий авторлары - Әділет Жұмабек және Әділбек Әбілов.
«Welcome to Zhetysu» кинотаспасының кейіпкерлері төрт дос: сындарлы Кенжебай, вайнер Тима, үндемес оператор Дәулет және тартымды Эля.
«Welcome to Zhetysu» - шытырман оқиғалы роуд-муви, кейіпкерлер байқаудың бас жүлдесін ұтып алу мақсатымен туған өлкелері жайында бейнеролик түсіру үшін саяхатқа шығады. Бірақ, оларға дұшпандары қастық қылуға тырысады. Алайда, тапқырлық пен ақылдың арқасында төрт достың жолы болады. Түсірілім Алматы облысының барлық аумағында: Шарын, Қайыңды, Көлсай, Жаркент, Талдықорған, Текелі, Көксу мен Ақсу аудандарында өткен. Көрермендерге еліміздің көрікті жерлері көрсетіледі»,-дейді қосалқы автор, картина директоры әрі екінші режиссер Әділбек Әбілов.
Түсірілім жұмыстары биылғы жылдың қыркүйек айында басталған. Таспаның қоюшы-операторы - Сардар Баймолдин, дыбыс режиссері - Дмитрий Шевчук. Картинаның көркемдік әрлеуімен сурешті-декораторлар Азамат Майынгенов пен Азамат Серікпаев айналысты.
Фильмге кәсіби актерлармен қатар, жастар да түсті. Олардың қатарында Салтанат Құдайбергенова, Олжас Қасым, Елдар Тәшкенбай, Қуаныш Құдайберген, Райым Бекет, Рамис Құлахметов және Марат Әлібаев бар. Сондай-ақ, түсірілімге әнші Ерболат Құдайбергенов те қатысқан.
«Welcome to Zhetysu» айналымға 2018 жылдың ақпан айында шығады.






пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін