È

Алматыда «Ninety One» фильмінің тұсауы кесілді

Алматыда «Ninety One» фильмінің тұсауы кесілді. Қазақстан киносы

Kinoplexx Sary Arka 3D кинотеатрында «Ninety One» фильмінің тұсауы кесілді. Көрермен назарына кинотаспаны режиссер Асқар Ұзабаев, продюсерлер Әсел Сәдуақасова мен Ерболат Беделхан, сондай-ақ фильмнің басты жұлдыздары, топ мүшелері: Азамат Зенкаев (A.Z), Дулат Мұхаметқалиев (ZaQ), Данияр Құлымшин (Bala), Батырхан Мәліков (Alem) және Азамат Ашмақын (Ace) ұсынды.

Өмірбаянға құрылған картинаның түсірілімі биылғы жылдың көктемінде болған. Асқар Ұзабаевтың айтуынша, фильм бюджеті аса көп емес көрінеді.

«Түсірілімге қалағанымыздай көп ақша жұмсамадық. Фильм бюджеті 100 мың доллардан аспайды. Егер сын мен қарсы пікірлер орын алып жатса, біз екінші бөлімін де түсіреміз!»,-деп бөлісті режиссер.

«Ninety One» бойз-бэнді 2015 жылы құрылған, топтың «Айыптама» атты дебютті бейнебаяны миллион көрсетілім жинаған. Бірақ, танымалдылықпен қатар жігіттер қатты сынға ұшырады. Кейбір қазақстандықтар топтың ән орындау мәнері мен бір түрлі сырт бейнесіне үйренісе алмады. Ал бірнеше қалаларда жігіттердің концерттері болмай қалды. Осы жағдайлардың барлығы картина негізіне арқау болған.

«Басымыздан өткен барлық жағдайлар бізді одан әрі мықты ете түсті, шығармашылық пен моральды тұрғыда өсе бастадық. Қазір тыныштық орнады. Біз концерттер ұйымдастырып, турнеге шыға аламыз. «Ninety One» фильмінің басты идеясы – біздің сырға тағып, шаш бояғанымыздан үлгі алу керектігін көрсету емес. Бұл кино арқылы біз ештеңеден қорықпай, арманға қалай да қол жеткізе білу қажеттілігін айтамыз. Біздің ойымызша, жастарымыздың ең басты мәселесі осы сияқты»,-деп ағынан жарылды «Ninety One» тобының мүшелері.

{{begin_gallery}}

Ерболат БеделханАсқар ҰзабаевАсқар Ұзабаев және Әсел Сәдуақасова Әсел Сәдуақасова Ерболат Беделхан
Ерболат Беделхан

{{end_gallery}}

Жігіттер өз-өздерін сомдаудың қиын еместігін білдірді. Қиынға соққаны, жағымсыз хикаяларды қайтадан бастан кешу еді.

«Біз сынды жақсы қабылдаймыз. Мен өзіме әрдайым мынаны айтамын: «Мен басқа қазақты түсіне алмасам, онда қазақ болмағаным». Кино түсіріп жатып, алдымызда не күтіп тұрғанын жақсы білдік. Тағы да мынаны айтқым келеді, біз бір нәрсені бүлдіру үшін емес, тың дүние құру үшін жұмыс істеп жатырмыз»,-деп қоса кетті продюсер Ерболат Беделхан.

Авторлардың айтуынша, өмірбаянға құрылған картинаны көрермендер еліміздің 68 кинотеатрынан тамашалап, бағалай алады.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер