È

Алматыда Қазақ деректі киносы күндері басталды

Алматыда Қазақ деректі киносы күндері басталды

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 11 қазан күні Қазақ деректі киносы күндері салтанатты түрде ашылды, шара Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің және Тұңғыш Президент – Елбасы қорының қолдауымен өткізіліп отыр. Шараның ұйымдастырушысы - «Қазақфильм» киностудиясы.

Келесі екі ай бойы әр сәрсенбіде Тұңғыш Президент – Елбасы қорының ғимаратында деректі фильмдердің тұсаукесері мен көрсетілімдері болады. Әр картинаны режиссер мен шығармашылық топ таныстырады. Ашылу салтанатында «Қазақфильм» киностудиясының «Деректі кино және кинохроника» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Әсет Ерназаров «13 шақырым» фильмінің режиссері Владимир Тюлькинге қазылар алқасының арнайы жүлдесін табыстады. Ол аталмыш жүлдені Екатеринбург қаласында 1-5 қазан аралығында өткен ХХVІІІ «Ресей» деректі кинофестивалінде алған болатын.

Өз кезегінде, Владимир Тюлькин «13 шақырым» картинасының түсірілім тобына алғыс білдірді. Ол мұндай жобаларға жастардың белсене қатысқандығын атап кетті.

Деректі кино күндерін жас режиссерлардың «Деректі кино және кинохроника» шығармашылық бірлестігінің қолдауымен түсірілген «Себебі, жақсы көремін!» Кәмила Бердімұратова, Кәмила Әбделдинова), «Түстер үйлесімі» (Евгений Лумпов), «Наири» (Қайша Рахимова) атты үш картинасы ашты.

Қайша Рахымованың «Наири» кинотаспасы кәсіби бишілер ансамблінің өмірін баяндайды. Режиссер халықтар достығы идеясын негізге ала отырып, картинаға өзіндік қолтаңбасын қалдырған.

«Түстер үйлесімі» - суретшілердің қоғамға бағытталған көзқарасы мен ішкі дүниесін бейнелейтін деректі картиналардағы авторлық киноның элементтері бар тәжірибелік фильм.

«Себебі, жақсы көремін!» атты фильм бүгінгі таңда өзекті болып отырған аралас неке тақырыбын қозғап, басқа қырынан баяндайды.

«Әсия Байғожинаның жетекшілігімен жазда деректі фильм түсіруді ұйғардық. Біздің таңдаған тақырыбымыз «Қазақфильм» киностудиясының жоспарында болған екен. Сондықтан, күшімізді біріктіріп, аталмыш фильмді түсірдік. Бастапқыда кейіпкерлерді ұлтына қарап таңдадық. Кейіннен, бастысы ол емес екенін түсіндік, яғни ең маңыздысы - олардың бір-біріне деген махаббаты. Картинаны бір жарым айда түсіріп тастадық»,-деп бөлісті фильм режиссерлары Кәмила Бердімұратова мен Кәмила Әбделдинова.

Шара аясында келесі деректі фильмдердің тұсаукесерлі көрсетілімдері болады: «Қазақ ренессансы. Жұмат Шанин» (А.Каменский), «Қазақ биі» (Г.Насыров, А.Садықова), «Сенім іздеу барысында» (А.Байғожина), «Алтын Емел» (О.Белялов), «13 шақырым» (В.Тюлькин), «Балалар оны Батя деп атайды» (А.Ахметжанова), «Отан неден басталады» (Е.Бектұров).

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер