È

Алматыда New York Film Academy тәжірибелік курстары басталады

Алматыда New York Film Academy тәжірибелік курстары басталады

Алматыда бірінші рет 7-9 сәуір аралығында Нью-Йорк кино академиясының сценарий жазу шеберлігі және продюсерлеу бойынша тәжірибелік семинар өтеді. Жеделдетілген курс басталмас бұрын ұйымдастырушылар әлемдік танымал киномектептің жұмыс істеу барысын, оқу бағдарламасы мен өздерінің алға қойған мақсаттарын айтып берген болатын. Келген қонақтардың сұрағына New York Film Academy-дің Қазақстандағы ресми өкілі Әсел Зоя, Нью-Йорк кино академиясының халықаралық қабылдау комиссиясы директорының орынбасары Лиззи Сак, продюсер Лидия Седроне, сценарист әрі режиссер Пол Браун жауап берді.

«Біздің Академиямыз әлемдегі ең тәжірибелік бағыттағы киномектеп болып есептеледі. Біз киноөндірістің барлық саласын қамтитын бағдарламаларды ұсынамыз: сценарий жазу шеберлігі, продюсерлеу, актерлік шеберлік, режиссура. Тәжірибе арқылы оқытудың ең тиімді әдіс екеніне сенімдіміз. Оқудың алғашқы күнінен-ақ, студенттеріміз түсірілім жұмыстарына кірісіп кетеді. Бір жылдың ішінде тәлімгерлеріміз 8 жеке жобасын жасап шығарған. Олар киноөндірістің барлық сатысынан өте отырып, сценарий жазады, режиссурамен айналысады. Академиямыздың есігі білімге құлшынып тұрған шығармашылық жандардың барлығына әрдайым ашық»,-деді Лиззи Сак.

New York Film Academy екі аптадан төрт аптаға дейін созылатын семинарларды ұсынады. Сонымен қатар, бакалавр мен магистратура дәрежелерін алуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда академияның Нью-Йоркте, Лос-Анджелесте, Майамиде, Парижде (Франция) және Австралияда филиалдары бар.

«2009 жылдан бері әріптесім Пол Браун екеуіміз семинар өткізу мақсатында әлемнің барлық жерлерін аралаймыз. Жақында ғана Мәскеу мен Киевте тәжірибелік сабақтарымызды өткізіп келдік. Бұрын да Мәскеуде өткен семинарларда және академияда Қазақстаннан келген студенттермен жұмыс істеген едім. Енді арнайы осы мемлекетке келіп, Қазақстанда сабақ өткізетініме өте қуаныштымын»,-деп кинопродюсер Лидия Седроне ағынан жарылды.

Нью-Йорк кино академиясы қысқа мерзімді семинарлар мен негізгі оқыту бағдарламасынан бөлек, тәжірибелік жазғы лагерлерді ұсынады. Ол жақта академия мен танымал киностудиялар павильоны бойынша экскурсия өтеді және әлемдік деңгейдегі танымал кино саласының қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырылады.

«Біз әрқашан келіп, тәжірибелік семинарлар өткізуге дайынбыз. Біздің басты мақсатымыз болашақ кинематографтарға тиісті білім беріп қана қоймай, ең алдымен оларды өзіндік тарих жасауға шабыттандыру болып табылады. Егер біреу идеясын жүзеге асыруға құлшынып тұрса, біз әрдайым қолдауға және көмектесуге дайынбыз»,-деп қостады әйгілі «Секретные материалы» хикаясының сценарий авторы Пол Браун.

New York Film Academy оқуға жеңілдіктер мен гранттар бөледі екен. Сондай-ақ, Қазақстандықтарға тегін оқу мүмкіндігін «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы ұсынады.

Киноакадемияның Қазақстандағы ресми өкілі Әсел Зоя былай деді:

«Отандастарымыздың Нью-Йорк кино академиясында бұрыннан оқып жүргендігі жасырын емес, алайда ұзақ мерзімге оқуға баруға барлығында әрдайым мүкіндік бола бермейді. Сондықтан, академияның осындай жеделдетілген курстары бүгінге дейін Мәскеуде өтіп, ендігі кезекте Алматыға келгені бізге де өте тиімді. Лидия Седроне мен Пол Браун секілді өз ісінің нағыз мамандары, мықты ұстаздардың білімі мен тәжірибесімен бөлісуге келуі ерекше қуантады».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Алматыдағы тәжірибелік семинарға қатысуға ниет білдіргендердің саны күннен күнге көбейіп келеді.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Камилла Ермекова

Актриса

Санұржан Сүлейменов

Актер