È

Астананың туған күнінде «Шабдалы» фильмі көрсетілді

Астананың туған күнінде «Шабдалы» фильмі көрсетілді

 

Астананың туған күнінде XIV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі аясында «Шабдалы» фильмінің тұсауы кесілді. «Асыл арна» телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілген көркем таспаның көрсетілімі «Арнайы көрсетілім» бағдарламасы аясында өтті.

«Шабдалы» кинокартинасы табысты заңгер болуды армандаған астаналық жоғары оқу орнының студенті жайлы баяндайды. Күндердің бір күнінде бойжеткен өз махаббатын жолықтырып, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғынына тұрмысқа шығады. Үйлену тойынан кейін жастар кішігірім Жетісай қаласына көшіп барады. Оқиға осымен аяқталатын ба еді, егер бойжеткеннің анасы болмағанда... Ол қызының таңдауын жақтырмайды, себебі оның мансап құратынынан үмітті еді. Әйел қалай да қызын үйге қайтарудың амалын жасайды.

Қоюшы-режиссер Жандос Құсайыновтың айтуынша, фильм негізіне белгілі жырау әрі жазушы Алмас Алматовтың аттас әңгімесі арқау болған. Бұл әңгіме алғаш Facebook’те жарияланып, қазақ тілді аудиторияның арасында танымалдылыққа ие болған.

«Асыл арна» арнасының директоры әрі идея авторы Мұхамеджан Тазабектің арқасында осы әңгіме жайлы білдім. Ол кісі бұл әңгіменің жақсы бір фильмге сұранып тұрғанын айтып, оқып көруімді ұсынды. Оқыдым. Расында да тап тұйнақтай, айтар ойы анық, тамаша шығарма екен. Оның үстіне, өмірде болған оқиға. Демек, ол сенімді. Ал сенімді дүние көрерменнің көкейінен дөп түсері сөзсіз. Алдымен Алмас Алматов ағамызға жолығып, батасын алдық. Ол кісі «Шабдалының» желісінде фильм түсірілетінін естігенде қатты қуанды. Сөйтіп, мен сценарий жазуға отырдым. Бас-аяғыбір айдың көлемінде екі драфт (екі рет толықтай өзгертулер мен толықтырулар) жасап, аяқтап шықтым. Алмас көкеміздің тамаша әңгімесі, Мұхамеджан ағамыздың байқампаздығы – ақыры сол шығарманың қалың көрермен назарына тұтас фильм боп шығуына себеп болды», - деді Жандос Құсайынов.

Фильм Жетісай қаласында былтырғы жылдың мамырында түсірілді. Таспа кейіпкерлерін Шолпан Елгезекова, Дархан Манақов, Айдана Қызылқұлова, Жарас Ахметов, Абай Аязбаев және т.б. сомдады.

Айта кету керек, картинаны көргісі келетіндердің көп болғаны соншалық, залда ине шаншар орын болмады. Сондықтан, екінші көрсетілім ұйымдастырылған, ол да аншлагпен өтті.

Авторлардың хабарлауынша, «Шабдалыны» жақында Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларын қоса алғанда, Қазақстанның басқа да қалаларының тұрғындары тамашалап, бағалай алады.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Дастен Шәкіров

Актер

Құралай Анарбекова

Актриса