Өнер академиясында «Өліара» картинасының көрсетілді
«Бастау» студенттік кино фестивалінің аясында Елзат Ескендірдің «Өліара» фильмі көрсетілді . 21-інші Пусан халықаралық кинофестивалінде лента «Үздік қысқаметражды фильм» номинациясын жеңіп алған болатын.
Картинаның арнайы көрсетілімі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының қабырғасында өтті. Көрсетілімнен кейін режиссер Елзат Ескендір мен продюсер Сергей Әзімов көрермендердің сұрақтарына жауап берді.
Режиссердың айтуынша, осындай сюжетті фильм түсіру идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болған.
«Оралхан Бөкеевтің повесін оқығаннан кейін біраз уақыт алған әсерімнен арыла алмай жүрдім. Сондықтан шығарманың сюжетін өзімнің фильміме негіз етіп алдым. Идея біраз жылдар бойы ойымда пісіп жетілді. Университетте оқып жүрген кезімде қысқа метр түсіруге дайын екенімді түсіндім. Осылайша «Өліара» картоинасы пайда болды, - дейді Елзат Ескендір.

Жас кинематографиске продюсерлер Сергей және Дарья Әзімовтер мен Даурен Дариябек қолдау білдірді. Фильмнің сюжеті бір шаңырақ астында тұратын малшының отбасы туралы. Олардың әрқайсысының қорқынышты құпиялары бар, егер осы құпяилар ашылса, шаңырақ ортасына түспек. Отбасы мүшелері өздерінің тәкаппарлығын сырып тастап, құпияларын ашуға дайын ба? Әлде өтірік пен сатқындық біреудің өмірін құртып тына ма?
Түсірілім алмат облысында 10 күнге созылды. Картинаның пост-продакшн кезеңі екі ай уақыт алды. «Сыншылар таңдауы-2016» байқауында үздік қысқа метр деп танылған «Өліара» BIFF-ті бағындыруға аттанды.
«Әрине, мен жеңісіме қуандым. Жеңіске жететініме соңына дейін сенген жоқпын. үміттендім, бірақ сене алмадым», - дейді Елзат Ескендір.
Сондай-ақ режиссер осыдан бір жыл бұрын «Қазақфильмге» төрт толықметражды фильмнің авторлық сценарийін бергенін айтты. Кинематографист киностудияның басшылығы оның жобаларына қолдау білдіреді деп үміттенеді.






пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін