«Жоғалған бақыт» атты қазақстандық-өзбек драмасы жарыққа шықты
Отандық айналымға «Жоғалған бақыт» қазақстандық-өзбек драмасы шықты. Өзбек режиссері Феруза Эргембаеваның фильмінің тұсауы Алматыда, Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрында кесілді.
«Жоғалған бақыт» - режиссер әрі продюсер Феруза Эргембаеваның алғашқы қазақстандық жобасы, оның қоржынында «Сабақ» және «Сиви, немесе тағдыр тауқыметі» картиналары бар. Жаңа фильмнің сюжетінде ер азаматқа иек артқан бойжеткен туғандарының құрметінен, достарынан және жарқын болашаққа деген сенімінен айырылады.
«Бастапқыда фильмді телеарналарға беруді жоспарлаған болатынбыз, кейін айналымға шығаруды ұйғардық. Картинамызда Қазақстанда да, Өзбекстанда да өзекті тақырыптың бірі – екінші отбасы мен көңілдес тақырыбы қозғалады. Бұл мәселе жайында үнемі айтып, кинодан көрсетуіміз керек, сонда ғана әйелдердің жағдайы оңалады. Фильм арқылы жас ұрпаққа ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін көрсетіп, картинадан сабақ алсын дедік», - дейді Феруза.
«Жоғалған бақыт» фильмінен көрініс
«Жоғалған бақыт» түсірілімі былтырғы жазда Шымкентте өтті. Картинаға Оңтүстік Қазақстан облысының және Өзбекстанның актерлары түскен. Атап айтсақ, олар - Махамбет Балтабаев, Индира Садықова, Төребек Урин және Санжар Усмонов.
Басты әйел рөлі отандасымыз Сұлу Серікке бұйырды.
«Кейіпкерім қарапайым қыз. Махаббаттан соқыр болған бойжеткен өмірін құрдымға кетіреді. Бұл менің үлкен кинодағы алғашқы рөлім. Бұрын тек эпизодтарға түсетінмін. Феруза Эргембаевамен және тобымен бірге жұмыс істегеніме қуаныштымын. Көрермендерге жұмысымыз ұнайды деп сенемін», - деп бөлісті актриса.
Сонымен қатар, «Жоғалған бақыт» драмасын Қырғызстан мен Өзбекстан тұрғындары тамашалай алады.
2 пікір
Пікір қалдыру үшін
Даник
19 января 2018, 19:01Трейлер не интересный(((
Дания Кузембаева
2 февраля 2018, 12:58Кто будет смотреть этот фильм?