«Екі қабат болып көр» немесе өзгеше жағдай

Осыдан екі жыл бұрын еліміздің үлкен экрандарына «Аға ма, әлде неке ме?» («Брат или брак?») деп аталатын комедия жанрындағы толықметрлі кинотуынды шыққан еді. Және аталмыш фильм прокаттағы көрсетілімі кезінде 454,5 миллион теңгеден астам қаражат жинап, коммерция жағынан ең жоғарғы жетістік пен табысқа жеткен болатын. Сол себепті көп ұзамай «Corich Group» кинокомпаниясы өздерін көп олжаға кенелтіп, атақ пен даңқтың шыңына шығарған дебюттік картинаның жалғасын түсіруге кіріскен еді.
Негізі, кассаны ақшаға толтырған қандай да бір фильмге сиквел түсіру – дүниежүзі бойынша кеңінен таралған үйреншікті құбылыс. Қазіргі таңда ондай нәрсе ешкімді таңдандырмайды. Кейіпкерлері, әртістері, және оқиғалары көпшілік қауымға ұнай білсе, ештеңесі белгісіз жаңа өнімге ұтыс тіккеннен қандай пайда? Одан да баршаға белгілі туындыны әрмен қарай жалғастырған дұрыс емес пе? Әрине, көп жағдайда сиквел деген дүниенің сапасы тұпнұсқаға қарағанда біршама төмен болады, бірақ кей кездерде асып түсуі мүмкін ғой, солай емес пе?
Бас продюсер Құралай Анарбекованың «Аға ма, әлде неке ме? 2» («Брат или брак? 2») деп аталатын көркем фильмі қаңтар айының соңғы күні жарыққа шықты. Режиссер әрі сценарист қызметін Алишер Утев, оператор жұмысын Шерхан Тансықбаев, композитор ісін Никита Карев орындап берді. Басты рөлдерді Дәурен Серғазин, Құралай Анарбекова, Олжас Абай, Мұрат Бисенбин, Әбунасыр Серіков, Бауыржан Қаптағай, Данияр Джумадилов, Азамат Уланов, және Тәуекел Мүсілім ойнап шықты. Тек Нурлан Сабуров өзінің рөліне орала алмады.

Бірінші фильмде шын өмірде жиі кездесетін қарапайым оқиғаны көрген едік. Ұмытқан болсаңыздар, естеріңізге сала кетейік. Айдар есімді өз-өзіне сенімсіз таза ниетті жігіт Гаухар деген ғашығына үйленгісі келеді, алайда оған өз мақсатын орындау үшін қыздың бір-біріне ұқсамайтын қатал ағаларынан ақ бата алуы керек. Міне, баршамызға түсінікті, тіпті таныс жағдай. Айдардың орнына кез келген ер адам өз-өзін қоя алады, себебі өз басынан өткен жағдай. Ал кез келген әйел адам Гаухардың ішкі күйзелісін жап-жақсы сезіне алады, себебі өмірінде болған нәрсе. Оның үстіне, «Аға ма, әлде неке ме?» деген атаудың өзі фильмге толыққанды сипаттама беріп, сай келіп тұр.
Алайда екінші фильм мүлде басқаша. Біріншіге қарама-қарсы деп айтуға да болады. Себебі Айдар дүниежүзінде өте сирек кездесетін Кувад ауруына шалдығып, екіқабат әйелдердің барлық симптомдарын екі ессе қатты сезіне бастайды. Мойындайық, бұндай оқиға күнделікті өмірде кездесе бермейді. Кездессе де, оншалықты айтыла бермейді. Сондықтан да Кувад ауруына шалдығу – шынымен де өзгеше жағдай. Ал фильмдегі оқиға көпшіліктің өмірінен барынша алыста. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Сиквелдегі оқиға тұпнұсқаны мүлде қайталап тұрған жоқ. Керісінше, өзіндік бір қызықтары бар оқиғаны баяндап тұр. Тек, өкініштісі, фильм атауы мазмұнына сәйкес келмейді. «Екіқабат болып көр» («Побудь беременным») деп аталғанда, әлдеқайда ыңғайлы болар еді. Алайда пойыз тым ерте кетіп қалды.
Тағы бір айта кетерлік нәрсе. Фильмде спорт жанрының элементтері әжептәуір үйлесімді қолданылған. Айдар мен оның қайнағалары қатысқан әуесқой футбол чемпионаты фильмнің негізгі оқиғасы секілді маңызды болмаса да, жап-жақсы түсірілген. Әсіресе фильмнің соңына қарай орын алған «пенальти» қызықты шыққан. Жасырмай айтайық, қазақ киносы тарихында спорт жанрына жататын туындылар тым аз. Барлардың өзін еске түсіру үшін біраз ойлану қажет. Сол себепті фильмдегі осы бір жанрдың элементтері кішкене қуанта алады.

Ал енді әртістердің жұмысына сәл-пәл тоқталып өтсек.
Дәуран Серғазин, сөз жоқ, Кувад ауруына шалдыққан Айдардың рөлін барынша тырысып ойнап шыққан. Жасандылық немесе жаттандылық сезілмейді. Әртіс ретінде ол «Дәурен Серғазин» деген шын адамды жадынан шығарып, басты кейіпкерге айналып кеткендей. «Бұл өзі шын өмірде осындай ма екен?» деген сұрақ басыңа келе береді.
Құралай Анарбекова. Екіқабат Гаухардың рөлі. Әдемі әйел. Дарынды әртіс. Қызық кейіпкер. Бірақ экрандағы уақыты аз. Әлбетте, Құралай ханым фильмнің бас продюсері әрі маңызды бөлшегі, алайда әртіс ретінде қарастырар болсақ, Серғазиннің көлеңгесінде қалып қалған. Бірінші фильмде екеуі де бірдей дәрежеде тұрған еді, алайда бұл жолы әріптесі алдыға шығып кетті.
Мұрат Бисенбин. Белгілі әрі дарында әртіс. Берілген материалды қолданып, өз рөлін шамасы жеткенше ойнап берген. Алайда кейіпкері тым шикі. Есімін де еске түсіру қиын. Бірінші фильмде ол өте маңызды болған еді. Тек соның арқасында Гаухардың ағалары Айдарды қабылдап, «күйеу бала» деп атаған болатын. Ал екінші фильмде оның не үшін керек екені түсініксіз. Сценариден сызып тастайық, фильмге ешқандай кедергі келтірмейді. Бұл әртіс дұрыс жазылған рөлге лайық еді. Алайда декорация немесе фон ретінде қалып қалды.
_3zd3.png)
Әбунасыр Серіков. Парик киген елу жастағы «бала» Қанапия рөлін, яғни тоқтаусыз ыржыңдап-қиқаңдап, қайдағы бір нәрселерді айта беретін жағымсыз адамды ойнап шыққан. Иә, кей кездерді күлкілі әзілдерді айтып қалады, бірақ көбіне жынға тиеді. Көрерменге ұнай ала ма, жоқ па, бірден айту қиын, бірақ фильмнің өзіндік бір «изюминкасы» болып тұрған кейіпкер.
Олжас Абай, Данияр Джумадилов, Азамат Уланов, және Тәуекел Мүсілім. Романтик, жылауық, қорғаушы, және Тәуекел Мүсілім. Әртіс ретіндегі потенциалдарын көрсете алды, бірақ таңғалдыра алмады. Жаман деп те айта алмаймыз. Керемет деп те айта алмаймыз.
Сонымен, айтар нәрсенің бәрі айтылды. Демек, қорытынды деген нәрсеге кезек келді. «Аға ма, әлде неке ме? 2» фильмі сиквел болса да, өз бетінше картинаға айнала алған, тұпнұсқадан шамалы асып түскен, көруге тұрарлық комедия. Ештеңені ойламай, рахаттана күліп, әдемі көріністерді тамашалап, жақсылап демалу қажет болса, бұл фильм сіздерге арналған.
Дамир Амантай
«Аға ма, әлде неке ме? 2» фильмінің кестесі кинотеатрлар афишасында қол жетімді.
Оцените рецензию
1 пікір
Пікір қалдыру үшін
Алишер Нуржанулы
15 февраля 2019, 20:39Успехов!