È

«Жеделсаты»: Бір кем дүние...

«Жеделсаты»: Бір кем дүние...

Қоғамда болып жатқан өзекті тақырыптарға үнемі өз пікірін білдіріп жүретін, «Сәбина келін», «Сәбина келін 2», «Ауылдан қашу. «Махаббат» операциясы», «Мен – күйеу жігітпін» комедияларымен күлдіртіп жүріп, «Таразбен» жылатқан актер әрі режиссер Нұртас Адамбай кинематографтағы жаңа бағытты қолға алып, өзін жан-жақты сынап көруде. Белгілі режиссер бір сәт комедиялардан алшақтап, салмақты тақырыпқа көшті. Бүгін NURTAS PRO көрермендерге психологиялық жанрдағы «Жеделсаты» драмасын ұсынды. Картинаның өзгешелігін, айтар ойын бағамдап көрелік...

Картина сюжетінде екі түрлі әлеуметтік таптың адамдары көрсетілген. Болашағы алдын-ала айқындалып қойған байдың баласы Тимур (Жандос Айбасов) мен тағдырдың тауқыметін тартқан зейнеткер Асқар (Иісбек Әбілмәжінов) жаңадан салынған ғимараттың жеделсатысында үш күнге қамалып қалады. Үш күннің ішінде екі түрлі мінез тар қапаста тарылып, ішкі жан-сырларын ақтарады, ызаға булығып, күйінеді, өмірлеріне саралау жүргізеді, бір-біріне дос та, дұшпан да болады. Оқиға бір ғана локацияда өрбігенімен, мұнда көптеген түйткілді, өзекті әлеуметтік мәселелер қозғалады.

Актерлардың ойыны ерекше шеберліктерімен таң қалдырады. Басты кейіпкер Асқарды сомдаған актер Иісбек Әбілмәжінов өз рөлін керемет алып шықты. Кейіпкерінің образына барынша еніп, экранда сонымен өмір сүрді, көрермендерді сендіре білді. Асқар бала кезінен өмірдің тауқыметін көрген ауыр тағдыр иесі. Әкесінің жылуын сезінбеген бала, есейе келе «мен әкемдей болмаймын» деп уәде береді. Бірақ, өзі әке болған шағында өткерген қайғылы жағдайға өмір бойы өзін кінәлап өтеді де, ішімдіктен жұбаныш іздейді. Тағдырдың түрлі теперішін көрген соң, зейнет жасында күзетші болып жұмыс істейді. Екінші кейіпкер Тимур, байдың баласы. Мінгені қымбат көлік, шетелде білім алып келген жас кәсіпкер. Әкесінің салып берген сара жолымен жүрген жан. Бірақ, жеделсатыда болған жағдайдан өмірлік сабақ алады. Әкесінің қолқалауымен сүйіктісінен айырылған Тимур соңында бәрібір ғашығына қосылады. Тимурды сомдаған актер Жандос Айбасов та көрермендердің көңілінен шығатындай образын жақсы сомдады.

Кейіпкерлерге қарап отырып, қайғы-мұңын, ішкі жан-дүниесіндегі қасіретін сезінесің, бірге күйініп, бірге жылайсың. Шынымен, қоғамның әділетсіздігін ойлап, көзіңе жас үйіріледі. Расында, өмірде кей жағдайлар біреулер үшін болмашы ғана дүние болса, енді бірі үшін маңызды болып жатады. Аласапыран заманда бір-бірімен жарысып, үнемі бір жаққа асығып жүрген адамдарды көресің. Тіпті, асығыстық танытып жүріп, жанымыздағы жақын адамдарымыздың ішкі жан-дүниесіне үңіле бермейміз ғой. Тағдырдың қыспағын көріп, қиналып жүрген жанмен бір сәт болса да, асықпай отырып, сөйлесіп, іштегі дертін тыңдап, ақыл айтып, дұрыс жол сілтеп жіберсек, қазіргі қоғамдағы қатігез, шыдамсыз, ашушаң адамдар азаяр ма еді дейсің. Неге десеңіз, басты кейіпкеріміз де ішкі дертімен жалғыз алысып, сырын айтар адамы болмаған соң, жындының күйін кешпеді ме?! Бір кем дүние дерсің...

Жалпы, режиссердің басты мақсаты - осы фильм арқылы адамдарға терең ой салу. Ол әрбір адамға осындай жеделсатының қажет екенін айтты. Яғни, бір сәтке болса да дамылдап, әр адам өз бағытын, дұрыс немесе бұрыс жолда жүргенін айқындап алуы тиіс. Нұртас Адамбай психологиялық драманың сценарийін өзі жазған. Сонымен қатар, бір локацияда фильм түсірудің қиынға соққанын ашып айтты. Әрине, диалогқа құрылған көрініс арқылы көптеген мәселелерді қозғау үлкен жұмысты, зор идеяны талап етеді. Дегенмен, картинаның айтар ойы жүрекке жете білді. Сондай-ақ, таспадағы операторлық жұмыс, әуен де жоғары бағаға лайық. Осындай жаңа жанрлы, сапалы фильмнің жарыққа шығуы ерекше қуантады. Нұртас Адамбайдың комедиограф екенін білеміз ғой. Енді оның драманы да жақсы түсіре алатынына көзімізді жеткізгендейміз. Айтпақшы, автор алдағы уақытта картинаны халықаралық фестивальдерге ұсынуды жоспарлап отыр.

Режиссер Нұртас Адамбай драманың жанына жақын екендігін айта кетті. Дегенмен, комедия жанрын да тастамақ емес. Екеуін бірдей қатар алып жүруге тырысатынын хабарлады. 14 күннің ішінде түсірілген «Жеделсаты» фильмі мағыналы әрі мәнді болып шықты. Әрбір көрермен картинадан өзіне қажетті дүниені алып, өмірлеріне өзгеше көзқараспен қарап, мейірімді бола түссе екен дейміз. Себебі, әлем мейірімді адамдарға зәру.

Расында, фильмдегі басты кейіпкер айтпақшы, бұл дүниенің ақшасын түгел тауып болмассың. Жинаған байлығыңды көрге де әкетпейтінің анық. Сондықтан, материалды жағдайымызды оңалтамыз деп жанталасып жүріп, жанымыздағы жақын жандарымыздың ішкі жан-дүниесіне үңілуді ұмытып кетпейікші!

 

«Жеделсаты» фильмінің кестесі кинотеатрлар афишасында қол жетімді.

 

Киноға Мадина Мұратжанқызы барды

 

«Жеделсаты» фильмінің көрсетіліміне шақырғаны үшін «Sulpak Cinema-ға», Нұртас Адамбайға, NURTAS PRODUCTION компаниясына және Chaplin кинотеатрлар желісіне алғыс білдіреміз.

 

Оцените рецензию

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Рекомендуем

Рецензии

18 Маусым, 2018

«Суперотбасы – 2»: Бірлік болмай, тірлік болмас

«Суперотбасы – 2» мультфильмі жайлы пікір 

BrodKaz

Рецензии

10 Қазан, 2018

«Қаржыгер. Шығу ойыны»: Санның сапаға айналуы

Коммерциялық  кино бағытында алға ілгерілеу айқын байқалады

Brod.kaz

Рецензии

6 Қазан, 2018

«Веномның» жаңа бейнесі

«Веном» фильміне пікір

Brod.kaz

Рецензии

13 Қыркүйек, 2019

«Қымбатты әке» фильміне пікір

Фильм кинотеатрда 12 қыркүйектен басталады

Brod.kz

Таныс бейне

Алексей Пантелеев

Актер

Асылхан Төлепов

Актер