Алматыда III Халықаралық кинотанушылар мен киносыншылар форумы басталды
3 қыркүйек Алматыдағы AlmaU университетінің қабырғасында IX Baiqonyr кинофестивалінің аясында өтетін III Халықаралық кинотанушылар мен киносыншылар форумы басталды. Форум кинотану саласындағы үздік жұмыстарға арналған Ұлттық сыйлықты табыстау салтанатымен ашылды.
Алғаш болып сөз алған Кинотанушылар мен киносыншылар форумының төрағасы Ержан Жұмабеков ұйымдастырушылар жыл сайын Форумға қандай да бір қызық шаралар қосып, оның форматын түрлендіріп жатқанын атап өтті. Осылайша биыл алғаш рет форум бағдарламасына кинотану саласындағы үздік жұмыстарға сыйлықтар табыстау форматы енгізілген.
«Негізгі мақсат – көп жағдайда жұмысы еленбей жүрген кинотанушылар мен киносыншыларға назар аударту. Биылғы жылы біз осы саланың мамандарын уақытында бағалауымыз керек деп шештік. Енді кинотанушыларға арналған жеке дара сыйлық бар», — деді Жұмабеков сыйлықтың маңыздылығына тоқталып.
Осылайша алғашқылардың бірі болып «Қазақстан киносыншылар қауымдастығының президенті» Гүлнәр Әбікееваға «Кинотану саласына қосқан үлесі үшін» сыйлығы табысталды.
Биылғы Ұлттық кинотану сыйлығының лауреаты атанғандар:
Кинотану саласындағы үздік студенттік жұмыс - «Бауырына салу» фильміндегі бала қиялындағы бақыт болмысына талдау, Әзиза Қуандық.
Кинотану саласындағы үздік телебағдарлама – «KinoScope», Әсия Бағдәулетқызы
Кинотану саласындағы үздік мақала - «The Kazakh Poet, Darezhan Omirbaev», Камила Габдрашитова.
Форумның алғашқы күні кинотанушы Гүлнәр Әбікееваның «Нациостроительство в Казахстане и других странах Центральной Азии: отражение в кинематографе» деп аталатын кітабы таныстырылды. Кітаптың толықтырылып, қайта басылған нұсқасы алғаш рет Қазақстанда Киносыншылар форумында таныстырылып отыр. Бұған дейін кітаптың тұсаукесері Бішкекте өткен.
Кітап тұсаукесерінен кейін кинотанушы Инна Смаилованың авторлық лекциясы өтті, ол әйел кинорежиссерлер жұмыстарының ерекшелігін талқылап, Айжан Қасымбек, Әсел Әушәкімова, Малика Мұхамеджан, Шәрипа Оразбаева, Жаннат Алшанова және Алина Мұстафина сынды айбынды режиссерлердің көрнекті жұмыстарын атап өтті.
Baiqonyr кинофестивалі аясында кинотануға зор үлес қосып жүрген танымал мамандардың басын қосатын Халықаралық кинотанушылар мен киносыншылар форумы осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді.
Форум AlmaU университетінде 8 қыркүйекке дейін жалғасады. Форум мен кинофестивальдің толық бағдарламасымен мына сілтеме арқылы өтіп, танысуға болады.
Фестиваль ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастығы қорының қолдауымен өтеді.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін