È

Айнұр Ниязова мен Айгүл Ақсамбиева танымал ақындардың өлеңдерін экрандады

Айнұр Ниязова мен Айгүл Ақсамбиева танымал ақындардың өлеңдерін экрандады. Қазақстан киносы

Алматыда «Жібек жолы» атты алғашқы кинопоэзия фестивалі болды. Отандық режиссерлар Орта Азия мен Шығыс ақындарының өлеңдері желісімен түсірілген картиналарын таныстырды. Айнұр Ниязова мен Айгүл Ақсамбиева да өздерінің қысқаметражды фильмдерін көрсетті.

Актриса әрі режиссер Айнұр Ниязова кеш қонақтарына Белла Ахмадулина өлеңдерінің желісімен түсірілген «Сол бір мамыр айында» атты жұмысын ұсынды.

«Менің бұл туындымды фильм деуге келмес, дұрысы кішігірім ролик шығар. Ол үш жыл бұрын түсірілген еді. Роликті бюджетсіз өзімнің You Tube арнам үшін түсірдім. Оның тіпті Бениаллеге қатысатынын мүлдем ойлаған емеспін. Ұйымдастырушылар менің поэзияға қызығушылығымды байқап, фестивальге шақырды. Келесі жылы тағы да қатысар болсам, жақсылап дайындалып, өзгеше бір дүние түсіремін. Шарадан басқа қатысушылардың жұмыстарын көрген кезде, өзімнің дүниемді қарапайым, жеңіл әрі қысқа екенін ұқтым»,-дейді режиссер.

Айнұр Ниязова, сурет «Жібек жолы» фестивалінің Instagram-дағы ресми парақшасынан алынды

Тағы бір қатысушы Айгүл Ақсамбиева заманауи жазушы Назгүл Сарыбаеваның «Қара түс» атты өлеңін экрандады.

«Мен заманауи поэзияны арқау қыла отырып, ана тілімдегі бір туындыны түсіргім келді. Әрине, классиканы ала салу оңай әрі жеңіл болар еді. Бірақ, мен ақын құрбым Назгүл Сарыбаеваның өлеңін экрандауды жөн санадым. Ол қуана келісімін берді де, өзінің «Қара түске ғашықпын» атты туындысын ұсынды. Қиындықсыз болды деп те айта алмаймын. Өлеңде қазақ діліне қатысты түсініктер мен образдар бар. Мысалы, «Қара шаңырақ». Оны жақсылап экрандадым деп ойлаймын. Жалпы, фильмді Алматыда сәуір айында «Саз махаббат» қысқа метрімен қатар түсірдік»,-деді Ақсамбиева.

Айгүл Ақсамбиева мен ақын Назгүл Сарыбай, сурет «Жібек жолы» фестивалінің Instagram-дағы ресми парақшасынан алынды

«Жібек жолы» алғашқы фестивалінің ұйымдастырушылары - Анна Чакиртова, Джулия Ғани және Ғазиза Габдрахимова. Кинокөрсетілім ҚР Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен Халықаралық әдеби Бениалле аясында өтті.

Сонымен қатар, Джулия Ғани «Нақсүйер», Ядыкар Ибраимов «Құмыраға құйылған кез-келген су», Нұрәлі Қадыров «Самғау», Сәбит Әбді «Ғайша» атты қысқа метрлерін көрсеткен болатын.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Дастен Шәкіров

Актер