È

Айым Сейтметова өз тойын табиғат аясында өткізгісі келетінін білдірді

Айым Сейтметова өз тойын табиғат аясында өткізгісі келетінін білдірді

15 наурыз күні отандық айналымға Канағат Мұстафин мен Айдын Самаханның «Қалай да той жасау» отбасылық комедиясына шығады. Картинадағы басты рөлдердің бірін көрермендерге «Жібек» хикаясы арқылы танылған жас актриса Айым Сейтметова сомдады.

Сюжет бойынша телевидениеде жұмыс істейтін Мақсат қарындасының «Қыз ұзату» тойына арналған ақшаны жоғалтып алады. Қиын жағдайға қалмас үшін, ол әріптесімен бірге реалити-шоу ұйымдастырып, отбасылық мерекені сол шоудың аясында өткізуді жөн санайды.

«Мен Мәдина есімді қыздың рөлін сомдаймын. Ол телевидениеде екінші режиссёр қызметін атқарады. Кейіпкерім мақсатшыл, адал қыз, пысықтығы да бар. Мені кастингке шақырған, бірақ уақыттың тығыздығына байланысты бас тартуға мәжбүр болдым. Дегенмен, жобаға деген қызығушылығым болатын. Нәтижесінде, басқа ұсыныстардан бас тарттым да, осы жобаның сынамасынан өттім. Оған еш өкінбеймін. Картина қызықты болып шыққан сияқты», - дейді Айым Сейтметова.

«Қалай да той жасау» түсірілімінен сурет

Фильм түсірілімі 2017 жылы күзде Алматыда өтті. Отбасылық комедия Grand Park ойын-сауықтық сауда орталығында арнайы құрылған декорацияларда түсірілді.

Айымның фильмдегі негізгі серіктесі Шәріп Серік болды, екеуі бұрын «Инстаграмшыл қыз» комедиясына түскен еді. Актриса түсірілім алаңында өзінің ата-анасы, белгілі актерлар Азат Сейтметов және Данагүл Темірсұлтановамен бірге жұмыс істеді. Айымның айтуынша, олардың бір ғана ортақ көрінісі болған.

Сондай-ақ, актриса өзінің «Қыз ұзату» тойын табиғат аясында өткізгісі келетінін білдірді.

«Ұзатуды немесе үйлену тойымды жылы күнде, табиғат аясында өткізгім келеді. Мұндай шараларды мейрамханаларда өткізу қалыпты жағдайға айналды. Негізі, далада, ашық аспан астында, таза ауада өткізген қызықтырақ қой», - деп қоса кетті ол.

 

Превью: Айым Сейтметованың жеке Instagram парақшасынан

 

1 пікір

Пікір қалдыру үшін

Alma Aidar

19 февраля 2018, 12:26

Добрый день! У вас опечатка в фамилии режиссера, должно быть - Сахаман вместо Самахан.

Таныс бейне

Құралай Анарбекова

Актриса