È

Асқар Ілиясов «Кәсіпкерлер» фильмінде басты рөлді сомдайды

Асқар Ілиясов «Кәсіпкерлер» фильмінде басты рөлді сомдайды. Қазақстан киносы

Режиссер Ақан Сатаев отандық кинода жаңа бейнелерді ашуды жалғастыруда. Режиссер өзінің «Кәсіпкерлер» картинасындағы басты рөлді жас актер Асқар Ілиясовқа сеніп тапсырды. Жігіт Астанада туып-өскен. Мектеп бітірген соң Мәскеудегі Борис Щукин атындағы Театр институтына оқуға түседі. Қазір отандасымыз 21 жаста, ол ресейлік 7 жобаға түсіп үлгерді. Олардың арасында Данила Козловскийдің «Жаттықтырушы» драмасы да бар.

«Кәсіпкерлер» - бұл менің алғашқы қазақстандық картинам. Жобаға мені актриса Аружан Жазылбекова ұсынған еді. Мен Аружанмен «Алтын Орда» хикаясының түсірілімінде таныстым. Мені фильмге бірден бекітті. Берілген рөлге дайындалатын уақытым да болмады. 27 маусым күні ресейлік «Жаттықтырушы» фильмінің түсірілімін аяқтап, 28 маусым күні Алматыдағы түсірілім алаңына келдім. Дегенмен, түсірілім барысында біз Ақан Сатаев екеуіміз менің кейіперім туралы, оның мінезі жайында әңгімелесеміз»,-дейді актер.

«Кәсіпкерлер» кинотаспасы кәсіптің негізін қалаған еліміздегі алғашқы кәсіпкерлер туралы баяндайды. Асқар Әнуардың рөлін сомдайды, ол достарымен бірге қайта құру кезеңінде өз өмірін орнықтыруға тырысады. Сонымен қатар, картинаға көрермендерге таныс боп қалған актерлар Шәріп Серік, Расым Жұбаев, Санжар Мәди және Айсұлу Әзімбаева қатысады.

«Кез-келген жаңалыққа ілесіп кете беретін достарына қарағанда, Әнуар бір нәрсе жасау үшін екі жүз рет өлшеп, мың рет ойланады. Фильмнің ерекшелігі – бұл 90-жылдардағы бұзақылар мен қылмыс туралы емес, ақшаны заңды түрде табуға болатынын түсінген адамдар жөніндегі картина. Сол дәуірде өмір сүрген болсам, мен кәсіппен айналыспас едім. Мұндай іске өте пысық адамдар барады, мен өзімді ондай адам деп санамаймын. Мен салмақты әрі дау-дамайсыз жүретін адаммын. Кәсіпке қарағанда, өзімді спортқа арнайтын едім»,-деп бөлісті әртіс.

Естеріңізге сала кетсек, «Кәсіпкерлер» фильмі – «Sataifilm» мен «Astana film fund» компанияларының үшінші біріккен жобасы. «Аудандар» атты алғашқы жобасы 80-90-жылдардағы кезеңді баяндап, жоғары сынып оқушыларының өмірін бейнелеген болатын.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер