È

«Асыл арна» «Сергелдең» көркем фильмін ұсынады

«Асыл арна» «Сергелдең» көркем фильмін ұсынады

14 қазанда «Асыл арна» телеарнасының эфирінен «Сергелдең» көркем фильмінің тұсауы кесіледі. Кинотаспа идеясы телеарна директоры Мұхамеджан Тазабековке тиесілі.

«Сергелдең» фильмі отбасында да, қызметте де бір мәселелерге тап болған журналист туралы баяндайды. Ол әріптестерінің құрметіне ие болу үшін қауіпті қадамға барады: сенімге селкеу түсіретін діни ағымға кіріп кетеді. Оның кәсіби тағдырына ғана емес, отбасылық өміріне де қауіп төніп тұр.

«Аталмыш картина Қазақстанда өршіп келе жатқан экстремистік әрі террористік ағымдар туралы болмақ. «Сергелдең» - экстремизм мен діни ағымдар тақырыбына арналған алғашқы қазақстандық көркем фильм деп те айтуға болады. Фильм тексерістен өтіп, Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасының әрі Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауына ие болды»,-дейді бас продюсер Ерлан Әбдірұлы.

«Сергелдең» фильмінің түсірілімі былтырғы жылдың қыс мезгілінде болған. Картинаға Алмат Сақатов («Мезет, немесе жәй ғана өмір»), Мақсат Сәбитов, Сафуан Шәймерденов («Қазақша тонау»), Әйгерім Сәбитова, Әлия Даниярова, Сағындық Жұмәділ және Әсет Есжан түсті.

Фильмді режиссер Жандос Құсайынов түсірді, сондай-ақ, ол Мұрат Есжанмен бірігіп сценарий жазған. Қоюшы-операторы - Еркін Сәтенов.

Айта кету керек, кинотаспа «Асыл арна» телеарнасының жекеменшік жобасы болып табылады.

Фильм 14 қазан күні Алматы уақыты бойынша сағат 22:40-та көрсетіледі.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Нұржұман Ықтымбаев

Актер