È

Baikonyr SFF-2018: фестиваль бағдарламасы

Baikonyr SFF-2018: фестиваль бағдарламасы

20-23 қыркүйек аралығында Алматыдағы Kinoplexx Sary Arka кинотеатрында өтетін III Baikonyr Short Film Festival-дің бағдарламасы жарияланды. Бірнеше күн бойы фестиваль қонақтарды отандық режиссерлардың қысқаметражды жұмыстарымен: ойнамалы, деректі және анимациялық киноларымен таныстырады.

Baikonyr Short Film Festival-ді Жаннат Алшанованың «Маусым соңы» фильмі ашады. Картина алдыңғы жолы 71-ші Канн кинофестивалінің Cinefondation қысқа метр байқауында таныстырылған болатын. Ашылудан кейін Дәрежан Өмірбаевтің «Шілде» фильмінің арнайы көрсетілімі өтеді, биыл таспаға 30 жыл толады.

Фестивальдің байқау бағдарламасы 47 жұмыстан тұрады. Ойнамалы кино бөліміне 27 картина, анимациялық кино бөліміне 11 және деректі кино бөліміне 9 фильм енді. Байқаудан тыс бағдарлама аясында қырғыз және өзбек киносының кештері өтеді. Көрермендерге екі елдің үздік қысқаметражды картиналары көрсетілмек.

Кинофестиваль жеңімпаздарын продюсер әрі режиссер Нұртас Адамбай, актриса Аружан Жазылбекова, продюсер Баян Алагөзова, режиссер әрі актер Баймұрат Жұманов, өзбек продюсері Ойбек Абдушукуров, дыбыс режиссері Денис Коноплев, дерекші-режиссер Катерина Суворова, анимациялық кино режиссері Адай Әбелдинов және қоюшы-суретші Яна Тюлькина анықтайды. Комиссияға кинотанушы, киносыншы, FIPRESCI мен NETPAC мүшесі Гүлбар Толомушова төрағалық етеді.

Сонымен қатар, көрсетілім қонақтарын қызықты әрі пайдалы шеберлік сабақтары күтеді: «Әлемнің мейірімді бейжайлығы» фильмінің қоюшы-операторы Айдар Шәріповтен «Операторлық өнер» сабағы және Темірлан Төлегеновтен «Авторлық құқық» сабағы.

Baikonyr SFF-2018 көрсетілімі мен барлық шаралары Kinoplexx Saryarka-да (Алтынсарин, 24а) өтеді. Кіру тегін.

Кинофестиваль ұйымдастырушысы - «Бродвей» кинопорталы.

Фестивальдің толық бағдарламасын мына жерден жүктеп алуға болады.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Ақан Сатаев

Режиссер