È

«Дүние жарық» жастар кинофестивалінде Қазақстанды екі фильм таныстырады

«Дүние жарық» жастар кинофестивалінде Қазақстанды екі фильм таныстырады

Қазақстандық «Саз-махаббат» және «Бір күні балалар үйінде» фильмдері VIII Халықаралық «Дүние жарық» жастар кинофестивалінде көрсетілетін болды. Картиналар «Ойнамалы кино» бөлімінің финалистері атанды. Фестиваль 23-27 мамыр аралығында Ресейде, Ярославльде өтеді.

Айгүл Ақсамбиеваның «Саз-махаббат» картинасы қарым-қатынастары күрделене түскен ерлі-зайыптылар жайлы баяндайды. Олар барлық мәселені бір-біріне деген шынайы махаббаттың арқасында шешеді. Фильмге Әзиз Бейшеналиев және Динара Қайырова түсті. Драма бұрын Венадағы, Ресей мен Қазақстандағы кинофестивальдерге қатысқан болатын.

«Саз-махаббат» фильмінен көрініс
«Саз-махаббат» фильмінен көрініс

Режиссерлар Серік Әбішев пен Руслан Магомадовтың «Бір күні балалар үйінде» таспасы шынайы оқиғаларға негізделген. Корейлік ұшақ Қазақстан аймағында апатқа ұшырайды. Құтқарылған балалар уақытша балалар үйіне орналастырылады. Фильмдегі рөлі үшін бала актер Амангелді Құсайынов «КиноМалышок-2016» жүлдесімен марапатталған.

«Бір күні балалар үйінде» фильмінен көрініс
«Бір күні балалар үйінде» фильмінен көрініс

Отандық картиналарға Латвия, Македония және Ресейден келген 20 жұмыс бәсекелес болмақ.

«Дүние жарық» жастар кинофестивалі 2011 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның басты мақсаты – өсіп келе жатқан ұрпақтың патриоттық және рухани-өнегелілік тәрбиесіне атсалысу. Байқауда барлығы 6 аталым болады: «Православие туралы фильмдер мен бағдарламалар», «Ойнамалы кино», «Ойнамалы емес кино», «Телебағдарлама», «Анимация», «Жергілікті студиялар мен авторлардың фильмдері және бағдарламалары». Жыл сайын қатысушыларға демеушілерден сыйлықтар, дипломдар мен арнайы марапаттар ұсынылады.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Дастен Шәкіров

Актер