Айгүл Ақсамбиеваның «Саз махаббат» фильмі «Әкелер мен балалар» фестивалінде ерекше аталып өтті
Айгүл Ақсамбиеваның «Саз махаббат» кинотаспасы «Әкелер мен балалар» Халықаралық кинофестивалінде ерекше аталып өтті. Картина «Үздік шетелдік қысқаметражды фильм» номинациясының лауреаты атанды. Кинокөрсетілім Ресейдің Орел қаласында болды.
«Саз махаббат» фильмі – қайта құру кезеңінде өмір сүрген мүсінші азамат пен әнші әйелі екеуінің қарым-қатынасы туралы хикая. Әйел кейіпкер атақты ысырып қойып, тұрмыстық тіршілікке сүңгіп кетуге мәжбүр болады. Күнделікті тұрмыстан жалыққан ол отбасын: сүйіктісі мен балаларын бір сәтке ұмытып, тән қалауына ерік береді.
Картина Алматыда биылғы жылдың сәуір айында түсірілген. Сценарий авторы әрі режиссері Айгүл Ақсамбиева болды («Айжан», «ВУЗеры»). Драма кейіпкерлерін Әзиз Бейшеналиев пен Динара Қайырова сомдады.
«Саз махаббат» фильмінен көрініс
«Үздік шетелдік қысқаметражды фильм» номинациясында отандық таспамен қатар Ирак («Басқа соғыс») пен Армениядан («Ол анашым деп айтты») келген жұмыстар ерекше аталды. Фестивальдің байқау бағдарламасында барлығы Армения, Грузия, Қазақстан, Литва, Ресей, Түркия мен Өзбекстаннан келген 200 фильм көрсетілді.
«Әкелер мен балалар» Халықаралық кинофестивалі – 2015 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жыл сайынғы кинокөрсетілім. Фестивальдің байқау бағдарламасында ойнамалы, деректі, толықметражды мен қысқаметражды кино, анимациялық, дебютті және студенттік фильм, сондай-ақ балаларға арналған және отбасылық кино сынды 7 бөлім болды. Биылғы байқау «Жан экологиясы. Сана экологиясы» тақырыбы бойынша өтті.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін