È

Қайрат Нұртас «Арман» драмасын таныстырды

Қайрат Нұртас «Арман» драмасын таныстырды

Алматыда Қайрат Нұртастың қатысуындағы көптен күткен «Арман» фильмінің тұсауы кесілді. Дегенмен, қазақстандықтар кинода әншінің өзін ғана емес, жары Жұлдыз Әбдікәрімованы да көруге асықты.

«Арман» кинотаспасы үйлену тойына дайындалып жүрген Арман есімді бойжеткен туралы баяндайды. Бір күні Арман зорлыққа ұшырайды да, қыздың бар армын күл-талқан болады. Басты кейіпкерді Жұлдыз Әбдікәрімова сомдады. Бұл фильм Жұлдыздың 10 жылдық үзілістен соң кәсіби актриса ретіндегі алғашқы толық метрі болды.

«Көпшілігі фильм сюжеті Қайраттың жеке өмірінен алынған деп ойлайды. Алайда, олай емес. Бастапқыда бізге сценарийдің бірнеше нұсқасы ұсынылған, бірақ ақыры көрерменді ойландыратын терең мағыналы сюжетті таңдадық. Маған фильмге түсу оңай болды деп айта алмаймын. Көпжылдық үзілістен соң түсірілім барысына үйрену қиын болды. Түсірілім тобына қолдау көрсетіп, түсіністік танытқандары үшін алғыс айтқым келеді».

Сурет Гүлзира Айдарбекованың Instagram парақшасынан алынды

Қайрат Нұртас өз фильмінде күйеу жігіттің ғана рөлімен шектелген, фильмнің басты жұлдызы оның сүйікті жары болды.

«Кез-келген шығармашылық адамы өз дарынын паш етіп, белгілі бір іс арқылы көрсетуді қалайды. Жұлдыздың мамандығы әрі жан-дүниесі актрисалыққа жақын, мен оның арманының орындалуына үлесімді қоса алғаныма қуанамын. Ұзақ жылдар бойы жарым мені әрдайым қолдап келді, енді менің де оған көмектесетін кезім жеткен сияқты»,-деді Қайрат.

Режиссері Рашид Сүлейменов болды. Драма 2017 жылдың көктемінде «Қалыңдық» деген уақытша атаумен түсірілген. Таспа өндірісімен Kairat Nurtas Production компаниясы айналысты.

«Фильмді көрген көрермен актерлардың сәтті ойнап шыққанын байқай алады. Мен Жұлдыздың ойынына ерекше таң қалдым. Түсірілімнің бірінші күнінен-ақ алдымда үлкен мақсаты бар актриса тұрғандығын түсіндім. Болашақта оның бағы кинода жанады деп үміттенемін»,-деп бөлісті Рашид Сүлейменов.

«Арман» фильмінен көрініс

«Арман» фильміне жұлдызды жұптан бөлек, Олжас Нұрбаев, Шадияр Абдуллаев, Дархан Манақов пен Елжас Рахымбеков түскен.

Бас продюсер Гүлзира Айдарбекова қазақстандықтардың алдағы фильмдерден Қайрат пен Жұлдыздың балаларын да көріп қалуы мүмкін екендігін айтып қалды.

«Арман» фильмі айналымға 12 қазаннан бастап шығады.

 

Превью: Петр Карандашов

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Тимур Бекмамбетов

Режиссер

Ақан Сатаев

Режиссер