«Қазақфильм» «Қазақстан кинематографиясы тарихынан» атты көрме өткізді
«Қазақфильм» киностудиясы және Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві «Қазақстан кинематографиясы тарихынан» көрмесін ұйымдастырды. Шараға Халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев, режиссер Сатыбалды Нарымбетов, сондай-ақ, кино қайраткерлері мен Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның және «Тұран» университетінің «Кино және ТВ» факультетінің студенттері қатысты.
Қазақстан кинематографиясы тарихынан» экспозициясы 50-ден астам экспонаттан: архивті құжаттар, суреттер, фильм сценарийлері, құру кезеңін баяндайтын пікірнамалар, қазақ кино мәдениетінің қалыптасуы мен өкілдері туралы сипаттайтын түрлі деректер ден тұрады. Көрменің мақсаты туралы толығырақ ҚР Президенті Архивінің директоры Борис Жапаров және киностудияның вице-президенті Серік Жұбандықов айтып берді.
«Көрме еліміздің мәдениеті мен өнерінің даму тарихын қозғайтын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес индустриалдық реформасын жүзеге асыру аясында өткізілді. Өздеріңіз байқағандай, архивте бірден көзге түсетін кинематографқа қатысты алғашқы құжаттар өткен ғасырдың 20-жылдарына сәкес келеді. Нақтырақ айтқанда, олар «Шығыс киносын» құруға қатысты алғашқы шешім, оның дамуы мен алғашқы көркем фильмдердің жарыққа шығуы туралы баяндайды. Сондықтан, біздің кинематографымызға 90 жыл толады деп нық сеніммен айта аламыз»,-дейді Борис Жапаров.
Архивтегі материалдар жақын күндері толығымен цифрланады. Жуырда киностудияда арнайы аппаратура орнатылмақ.
«Тарихты архивтегі деректерге сүйеніп жазады ғой. Еліміздің қайта құру кезеңінде көптеген маңызды құжаттарды жоғалтып алмағаны қандай жақсы болған. Соларға сүйене отырып, кино мәдениетіміз туралы айта аламыз. Бұл көрменің ашылуы - жас ұрпаққа ғана емес, кино ардагерлеріне арналған мереке. Ардагерлеріміз өткенін еске алған шығар»,-дейді «Қазақфильмнің» вице-президенті Серік Жұбандықов.
Қазіргі таңда киностудия әкімшілігі тағы бір маңызды жоба – жеке мұражайының ашылуымен айналысып жатыр. Жұбандықовтың айтуынша, бұл мәселені Мәдениет және спорт министрлігімен ақылдасып, шешу ғана қалды.
Суреттерді Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі ұсынды
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін