È

Шәкен Айманов ХКФ: Садық Шер-Нияз әріптестерін ұлттық фильмдер түсіруге шақырды

Шәкен Айманов ХКФ: Садық Шер-Нияз әріптестерін ұлттық фильмдер түсіруге шақырды

XIV Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі аясында Алматыда «Атамекен» және «Тоғысқан тағдырлар» байқауларының баспасөз конференциялары өтті.

«Атамекен» бөлімі түркі тілдес елдердің фильмдерін ұсынады, ал «Тоғысқан тағдырларға» бүкіл елдің картиналары қатысады. Қос бөлімнің қазылар алқасының мүшелері жеңімпаздарды қалай таңдайтындарын айтып берді.

«Негізі, біреудің жұмысына баға беру өте қиын. Абасс Киаростами: «Сіздердің не көргендеріңіз емес, қалай көргендеріңіз маңызды» деген еді, сондықтан мені тұтқынға алатын фильмдерді ұнатпаймын. Мен ұйықтап қалып, кейін оянғанда, қайтадан оқиғаны бақылай алатын фильмдерді жақсы көремін. Алайда, менің үш маңызды факторым бар: біріншісі – режиссердің барлығын жаңаша тілде баяндап бере алатын қабілеті, екіншісі – картинаның мәдени аспектілері, үшіншісі – техникалық құрамы», - деді ирандық киносыншы Катаюн Беглари.

Сонымен қатар, «попкорнды» фильмдер тақырыбы көтерілді. «Атамекен» байқауы қазылар алқасының төрағасы, қырғыз режиссері Садық Шер-Нияз тамырына балта шауып, мәдениетті жасауға болмайтынын айтты.

«Мен барлық кино түсірушілерді құрметтеймін. Егер жастар «попкорнды» фильмдерге барса, демек онда тартатын бірдеңе бар деген сөз. Біздің кейбір кинематографшыларымыз аспанда ұшып жүретін сияқты. Олар халықты ұмытып, белгілі бір адамдарға арнап фильм түсіреді. Ұлттық фильмдер түсіру қажет. Сондықтан, төраға болған сәттен бастап, біз картиналарды «попкорнды», авторлық немесе коммерциялық деп бөлмеуді ұйғардық», - деп қоса кетті Садық Шер-Нияз.

«Тоғысқан тағдырлар» қазылар алқасының мүшесі болып келетін «Усама» фильмінің режиссері Сиддик Бармак Орта Азия мен Қазақстанда фильм түсіруді жоспарлап жүргенін және кинофестивальдің жергілікті әріптестермен жұмыс істеп, болашақ картинаға арқау болатын шабытты табуға болатын жақсы мүмкіндік екенін айта кетті.

«Мен қазақстандық фильмдерді ерекше жақсы көремін. Әлі күнге дейін қазақстандық картиналардың классикасын тамашалаймын. Қазір елдеріңізде жылына 60 фильм шығаратынын естідім, бұл үлкен прогресс. Демек, жас режиссерлардың жаңа дүние айтуға бағытталған өзіндік көзқарасы бар», - деді Бармак.

Еске салсақ, байқауға әлемнің 90 елінен 300-ге жуық жұмыс келіп түскен, олардың ішінен тек 45 картина ғана іріктеліп алынды. «Атамекенде» 12 картина, «Тоғысқан тағдырларда» 11 фильм, «Біз осында тұрамыз» бөлімінде 10 фильм таныстырылады.

Кинофестиваль өз есігін айқара ашты, ал жеңімпаздардың есімін 21 қараша күні білетін боламыз.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Досхан Жолжақсынов

Актер