Ермек Тұрсынов: «Шәкен Айманов кинофестивалінің мақсаты – нағыз кино арқылы көрермендерді қайтару»

Алматыда XIV Халықаралық Шәкен Айманов кинофестиваліне арналған баспасөз конференциясы өтті. Шара 2018 жылдың 17-21 қараша аралығында өтеді.
Кинофестиваль үш байқау бағдарламасынан тұрады. Әрқайсысы Шәкен Айманов фильмдерінің құрметіне қойылған. «Тоғысқан тағдырларда» көрермендер әлемдік картиналарды тамашалай алады. «Атамекенде» түркі тілдес картиналар ұсынылмақ, ал «Біз осында тұрамыз» бағдарламасына отандық режиссерлардың таспасы енеді. Байқауға қатысушылар ҚР Кинематографшылар одағының «Құлагер» Ұлттық жүлдесімен марапатталады.
«Бұл өте өзекті мәселе. Осы екі жылдың ішінде 60-тан аса фильм түсірілді. бір жағынан қуантады, бір жағынан – жоқ, себебі сапасы сын көтермейді. Барлық фильмдердің тізімін қарап шығып, таң қалдым, өйткені көпшілігінің мағынасы жоқ. Продюсерсымақ пен режиссерсымақтар көрермендердің білімсіздігін пайдаланып, қалталарын қағытып жатыр. Кинофестиваліміздің мақсаты – нағыз кино арқылы көрермендерді қайтару», - деді ҚР Кинематографшылар одағының төрағасы Ермек Тұрсынов.
Фестивальге қатысуға 90 елден 300-ге жуық жұмыс келіп түсті, бірақ соңында байқауға тек 45 фильм өтті. Арт-директор Диана Әшімованың айтуынша, «Атамекенде» 12 картина, «Тоғысқан тағдырларда» 11 таспа көрсетіледі. Қазақстанның атынан байқауға 10 фильм қатысуда.
Байқаудан тыс «Әлемдік панорама» және «Ерекше оқиға» бағдарламаларында 10 картина ұсынылмақ.
Асанәлі Әшімовтың айтуы бойынша, кино – бұл халыққа тиесілі мәдениет. Мұндай жоғары деңгейлі фестиваль өткізу мүмкіндігі кинематограф тарихын асқақтатуға және Қазақстан дамуына үлес қосуға септігін тигізеді.
Айта кетсек, кинофестивальде Қазақстан мен шетел киноқайраткерлерінің шығармашылық кештері және шеберлік сағаттары өтеді.
.jpg)







пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін