È

Busan International Film Festival-2018-де Қазақстанның екі қысқа метрі көрсетіледі

Busan International Film Festival-2018-де Қазақстанның екі қысқа метрі көрсетіледі

23-ші Халықаралық Пусан кинофестивалінде қазақстандық режиссерлар түсірген екі қысқа метрдің көрсетілімі өтеді. Short film competition бөліміне, Wide Angle бағдарламасына Айжан Қасымбектің «АУА» картинасы, ал Short film showcase бөліміне Эльдар Шибановтың «Жыныстық қатынас, қорқыныш және гамбургерлер» фильмі енді.

Биыл Пусан кинофестивалі (Busan International Film Festival) 4-13 қазан аралығында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтеді. 10 күннің ішінде көрермендерге бүкіл әлемнің 200-ге жуық фильмі көрсетіледі.

Айжан Қасымбектің «АУА» картинасы жасөспірімнің есею кезеңі мен таңдау хикаясын баяндайды, кейіпкер жалғыз өзі сал атасына қарап жүреді. Бала күнделікті күйбеңнен, бүкіл мәселеден арылып, ұшқыш болу арманының жетегімен алысқа кетіп қалғысы келеді, бірақ парыз сезімі мен атасына деген махаббатынан оны жалғыз қалдырып кетуге дәті шыдамайды.

«АУА» фильмінен көрініс
«АУА» фильмінен көрініс

Фильммен продюсер Диана Әшімова, оператор Айгүл Нұрболатова, дыбыс режиссері Илья Гариев, қоюшы-суретші Анастасия Пономарева, монтаж режиссері Тимур Нұрдәулет айналысты. Рөлдерді Шыңғыс Үкітаев, Александр Коловертных және Димаш Аязбаев сомдады.

Эльдар Шибановтың «Жыныстық қатынас, қорқыныш және гамбургерлер» таспасы футфотограф Ескендір жайлы баяндайды. Кейіпкердің жеке өмірінде де, жұмысында да дағдарыс басталады. Лаңкестік шабуыл салдарынан ол жас клиент қызбен бірге студияда қамалып қалады. Төтенше жағдай Ескендірді белгісіз арумен жақындастыра түседі, осылайша ол жұмбақ қорқыныштан және сенімсіздіктен арылады.

«Жыныстық қатынас, қорқыныш және гамбургерлер» фильмінен көрініс
«Жыныстық қатынас, қорқыныш және гамбургерлер» фильмінен көрініс

Картина сценарийдің қосалқы авторы, продюсер әрі қоюшы-суретші Юлия Левицкаяның, қоюшы-оператор Қайрат Темірғалиевтің және дыбыс режиссерлары Илья Гариев пен Зураб Құрманбаевтың, сондай-ақ продюсерлер Әнуар Есіркепов пен Данияр Ибрагимовтың қатысуымен түсірілді. Драма кейіпкерлерін Шыңғыс Қапин, Айсұлу Әзімбаева және Виктория Мұхамеджанова сомдады.

Айта кетсек, Эльдар Шибановтың жұмысы алғаш рет 75-ші Венеция кинофестивалінде «Көкжиектер» байқау бағдарламасында көрсетілген болатын.

23-ші Пусан кинофестивалінің «Азиаттық кино терезесі» бағдарламасына тағы екі қазақстандық фильм – «Әлемнің мейірімді бейжайлығы» және «The Secret of Leader» («Арман әлемі») қатысады.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Берік Айтжанов

Актер