Нұртас Адамбай «5 күндік күйеу жігіт» фильмін 14 күннің ішінде түсірді
Отандық режиссер әрі продюсер Нұртас Адамбай «5 күндік күйеу жігіт» фильмінің негізгі түсірілімін аяқтап бітірді. Комедия жанрындағы жаңа картинасын режиссер 14 күннің ішінде түсірген. Адамбайдың сөзінше, бұл оның жеке рекорды болып табылады.
««5 күндік күйеу жігіт» фильмінің идеясы былтырғы жылы пайда болған. Негізі, жарыққа шығуы тиіс бірнеше жобалар болатын, бірақ біздің таңдауымыз осы картинаға түсті. Өйткені, тобымыз осыған жылдам дайындала алатын еді. Түсірілімнің өзі де тез өтіп кетті. Фильмді бар-жоғы 14 күннің ішінде түсіріп тастадық. Бұл жеке рекорд. Біз «Келінка Сәбинаны» 17 күн ішінде, ал «Жеделсатыны» 16 күннің ішінде түсірген едік»,-деді Нұртас Адамбай.
Режиссер комедиядағы рөлдердің бірін сомдайды. Оның рөлі – басты кейіпкердің (Гүлнар Сильбаева) досы әрі әріптесі. Бойжеткеннің сұрауы бойынша азамат отбасылық шиеленіске араласады.
Нұртас фильмде әзіл арқылы көпшілігінің басынан өтетін отбасылық мәселелердің көрсетілетінін айтты.
Суреттер Нұртас Адамбайдың жеке Instagram парақшасынан алынды
«Сценариін өзім жаздым. Өкінішке қарай, мен фильмнің продюсері, режиссері әрі актерімін (күлді). Шынымды айтсам, сценарий жазу маған қиындау болды. Осы жобада сценарийге көп көңіл бөлу қажеттілігін түсіндім. Оған салмақты түрде қарау керек. Оның үстіне, жоба арқылы жаңа актерлерді таныдым, оларды қай жобаға шақыру керектігін енді білемін»,-дейді режиссер.
«5 күндік күйеу жігіт» картинасының актерлік құрамына Жан Байжанбаев, Жанна Қуанышева, Алдабек Шалбаев, Әшім Ахметов, Санжар Мәди, Данияр Алшынов және т.б. кірді.
Қоюшы-операторы Азамат Дулатов болды.
Фильм тұсаукесері осы күзге жоспарланып отыр. Авторлардың айтуынша, «5 күндік күйеу жігіт» картинасы экрандарға қараша айында жол тартуы мүмкін.
пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін