È

Отандық «Мажорлар» фильмінің алғашқы кассалық жинағы

20-23 шілде аралығындағы кассалық жинақ

Өткен аптада отандық көрермендерге Жәнібек Ғұсмановтың «Мажорлар» атты дебютті фильмі ұсынылды. 6 миллион теңгені құрайтын кассалық жинағына қарағанда картина көрермен қызығушылығын тудырған секілді. Сонымен қатар, айналымға Кристофер Ноланның «Дюнкерк» әскери драмасы және Франк Халфунның «Амитивилль қорқынышы. Жандану» хорроры шықты. Аталған картиналардың қанша қаржы жинағанын және айналымдағы өзге де жаңа кинолар туралы төмендегі материалдан оқыңыздар.

Қазақстандағы кассалық жинақ рейтингінде «Дюнкерк» фильмі көш бастап тұр. Кристофер Ноланның оныншы жұмысы 165 953 800 теңге жинады. Режиссер үшін бұл әскери драма – тарихи оқиғаларға негізделген бірінші фильм, ал сценарийін өзі жазған үшінші жоба. Оның қолтаңбасымен түсірілген алдыңғы фильмдер - «Қудалау» (1999) детективі және «Бастау» (2010) триллері. Қоюшы-оператор Хойте Ван Хойтем үшін «Дюнкерк» Ноланмен бірігіп жасаған екінші жұмысы, алғашқысы - «Интерстеллар» (2014).

Екінші орынды «Маймылдар аралы. Соғыс» фантастикасы иеленді. Ол екінші демалыста 102 375 850 теңге жинады. Режиссер Мэтт Ривз франшизамен екінші мәрте жұмыс істеп отыр. Біріншісі – «Маймылдар аралы: Төңкеріс» (2014). Актерлар Вуди Харрельсон мен Джуди Грир үшін картина үшінші біріккен жобасы. Екеуі бұрын «Дана» (2007) және «Уилсон» (2017) комедиялық таспаларына түскен.

«Дюнкерк» фильмінен көрініс

«Өрмекші адам: Қайта оралу» суперкейіпкерлі киносы үздіктердің үштігінде әлі тұр. Фильм өткен аптада кассасын 62 169 100 теңгеге толтырды. Джон Уоттс картина түсіріліміне 2016 жылдың 20 маусымында кіріскен болатын. Таспа Атлантада, Джорджия штатында «Джордж жазы» атауымен түсірілген. «Өрмекші адам: Қайта оралу» фильмі «Тор: Рагнарёк» тұсаукесерімен қатар келгендіктен, соңғысының таныстырылымы 2017 жылдың қарашасына ауыстырылды.

«Сұмпайы мен 3» анимациясы айналымның төртінші аптасында 59 132 700 теңге жинады. Мультипликациялық франшиза идеясының авторы - «Illumination Entertainment» студиясының атқарушы директоры Крис Меледандри. Үшінші бөлімінің басталуы туралы ресми түрде 2015 жылдың 18 қарашасында жарияланды, ал жұмысы 2016 жылдың ақпан айында басталған. Алғашқы екі фильмде Агнес кейіпкерді Элси Фишер дыбыстады. Бірақ, үшінші фильмге келген кезде актриса тым ересек көрініп, оның орнын Нев Шаррел басты.

«Амитивилль қорқынышы: Жандану» фильмінен көрініс

«Амитивилль қорқынышы. Жандану» фильмінің кассалық жинағы 23 703 300 теңгені құрады. Картина - Амитивилль қаласының қарғысы туралы түсірілген франшизаның он жетінші таспасы. Бастапқыда Кэйси Ла Скала мен Дэниэл Фаррандс сценарийлері негізге алынды, ол жақта елеске толы үйдің бар шындығын зерттеген журналист туралы айтылады. Бірақ, қазір бұл концепциядан бас тартып, сценарийі мен режиссерлік орынды Франк Халфунға сеніп тапсырды.

«Қыз бен жігіт» француз комедиялық драмасы бар-жоғы 12 094 600 теңге көлемінде пайда тапты. Сәнбике әрі актриса Дории Тилье үшін бұл кинодағы алғашқы үлкен рөлі болды. Ол бұрын «Арнайы кедендік қызметі» хикаясына және Ричард Томсонның «Қанды гүлдер» триллерінің эпизодына түскен болатын. Актриса рөлге жақсылап ену үшін театр училищесінде бірнеше ай бойы дайындалған.

«Ессіз көршілер» кинотаспасы айналымнан 9 503 500 теңге жинады. Фильм режиссері - «Заттармен ұшуға!» (2016) және «Ессіз үйлену тойы» (2014) картиналары арқылы танымал Филипп де Шоврон. Фильм идеясы сценаристер Ги Лоран мен Марка Де Шовронға тиесілі. Олар 2012 жылы «Дюкобюдағы демалыс» отбасылық комедиясымен бірге жұмыс істеген.

«Ессіз көршілер» фильмінен көрініс

«Мажорлар» отандық драмасының алғашқы кассалық жинағы 6 127 700 теңгені құрады. Идея мен сценарий авторы 17 жасар Марсель Махмуди болды. Оның айтуынша, «алтын жастар» туралы кино түсіру идеясы Сингапурда оқып жүргенде туындаған, ал сценарийдің алғашқы нұсқалары былтыр жазылған. Түсірілім де сол жылдары 10 мамырда басталып, бір айға жуық уақытқа созылған. Фильм режиссер Жәнібек Ғұсмановтың дебюті болды.

Ал «Овердрайв» атыс-шабыс фильмі айналымнан 2 929 550 теңге жинады. «Қояндар мектебі» мультфильмінің жинағы 1 934 750 теңгені құрады.

 

* Материал Rentrak пен Ticketon.kz жүйелерінің мәліметтері бойынша дайындалды

Қазақстанда Rentrak жүйесіне «Chaplin Cinemas» кинотеатрлар желісі қосылған.

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Тимур Бекмамбетов

Режиссер

Ақан Сатаев

Режиссер