È

«Кек алушылар: Мәңгілік соғыс» блокбастерінің Қазақстандағы алғашқы жинағы

3-6 мамыр аралығындағы кассалық жинақ

Өткен аптада экранға көптен күткен «Кек алушылар: Мәңгілік соғыс» блокбастері жарыққа шыққан болатын. Картина жинағы жағынан тек «Жұлдыздар соғысы: Күштің жаңғыруына» ғана жол беріп, рекорд орнатуда (Қытайды қоспағанда, 1 млрд. доллардан жоғары). Кек алушылармен қатар айналымға «Собибор» әскери драмасы мен «Төбеттер аралы» анимациясы шықты. Қазақстандағы кассалық жинақ туралы толығырақ төменнен оқыңыздар.

«Кек алушылар: Мәңгілік соғыс» блокбастерінің Қазақстандағы алғашқы жинағы 384 721 759 теңгені құрады. Бюджеті 300-400 миллион долларды құраған картина әлем бойынша (Қытайды қоспағанда) 1, 2 миллиард доллардан аса қаржы жинап үлгерді. Marvel Studios үшін фильм Marvel кинематографиялық әлемі аясында шыққан он тоғызыншы картина болды.

Данила Козловскийдің «Жаттықтырушы» фильмі айналымдағы үшінші аптада 11 474 400 теңге жинады. Авторлар түсірілім үшін 3000 кәсіби футболшының арасында кастинг өткізген. Нәтижесінде, фильмге Дмитрий Сычев және Алан Гатаговпен қатар, 200 спортшы түсті. Түсірілімде барлығы 5,5 мыңнан астам спорттық киім жинағы және 500-ге жуық футбол добы пайдаланылды.

«Жаттықтырушы» фильмінен көрініс
«Жаттықтырушы» фильмінен көрініс

«Собибор» ресейлік әскери драмасы тұсаукесерлі демалыста 10 356 830 теңге жинады. Картина негізіне Илья Васильевтің «Александр Печерский: Мәңгілік өмірге ұмтылу» кітабы арқау болған. Туындыны киносценарийге Никита Михалковтың «Күн өту» фильмінің авторы Александр Адабашьян бейімдеді. «Собибордың» қоюшы-режиссері әрі басты рөлін сомдаушы - Константин Хабенский.

«Түнекте тыныс алу» француз триллері кассаны 5 303 200 теңгеге толтырды. Жоба жайлы алғаш 2011 жылы сөз қозғалған. Алайда, түсірілім 2017 жылдың ақпан айында бірақ басталды. Режиссурасымен атышулы қоюшы Дэниэл Роби айналысты. Кинематографшының қоржынында «Ақ тері» (2004), «Қорқынышты қала» (2011) және «Луи Сир» (2013) атты үш толық метр бар.

«Такси 5» комедиясы айналымда табысты болып жатыр. Өткен апта фильмге 5 121 400 теңге сыйлады. Көрермендер жаңа бөлімнен Сами Насериді – франшизаның алдыңғы бөлімдерінде басты рөлді сомдаған актерді көре алмайды. Дегенмен, бұрынғы кейіпкерлердің ішінен картинада комиссар Жибер ретінде танылған Бернар Фарсиді және инспектор Алленді сомдайтын Эдуард Монтутты көруге болады. Таспаның продюсері франшиза авторы Люк Бессон болды.

«Шындық немесе әрекет» қорқынышты фильмі 5 029 200 теңге жинады. Басты рөлдердің бірін «Сүйкімді өтірікшілер» танымал хикаясының жұлдызы Люси Хейл сомдады. Жас актриса көптеген хикаяларда, тв-жобаларда, сонымен қатар «Джинсы тұмар 2», «Айғай 4» және «Күлше қыздың хикаясы 3» атты үш толық метрде 20-ға жуық ролдерді сомдаған.

«Такси 5» фильмінен көрініс
«Такси 5» фильмінен көрініс

«Төбеттер аралы» анимациялық фильмі 3 339 000 теңге көлемінде пайда тапты. Бұл – «Гранд Будапешт» қонақ үйі» және «Теңдессіз Фокс мырза» картиналарын түсірген режиссер Уэс Андерсонның тоғызыншы толықметражды жұмысы. Жоба оның режиссер мен сценарист ретіндегі алғашқы жұмысы болды. Қоюшының айтуынша, ол Акира Куросаваның жұмыстарынан шабыттанған екен.

Үздік жетіліктің қатарына келесі картиналар кірмеді: 2 919 300 теңге жинағымен (Meloman Entertainment компаниясының мәліметтері бойынша) «Миымды ашытпаңыздаршы» отандық комедиясы және «Смешариктер. Дежавю» - 2 016 937 теңге.

Аз касса жинаған фильмдер: «Тыныш мекен» - 1 812 000 теңге, «Танктер» - 1 584 000 теңге және «Елес» - 864 461 теңге.

 

*Материал Meloman Entertainment және Ticketon.kz компанияларының мәліметтері бойынша дайындалды

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Досхан Жолжақсынов

Актер

Тұңғышбай Жаманқұлов

Актер