È

Режиссер Асқат Мұсабай «Мұздағы жалын» хикаясын түсірді

Режиссер Асқат Мұсабай «Мұздағы жалын» хикаясын түсірді

2019 жылдың қаңтарында көрермендер «Мұздағы жалын» отандық хикаясын тамашалайтын болады, басты тақырыбы – коньки спорты. Режиссері - Асқат Мұсабай, ал продюсері – әнші әрі актриса Айнұр Бабаева.

Сюжетте Олжас есімді кейіпкер суреттеледі, ол бала кезінен бері мәнерлеп сырғанауға қызығады және мақсатына жету үшін барын салады. Алайда, жігіттің анасы ұлының қызығушылығына қарсылық танытады, себебі анасының мұзбен байланысты жағымсыз естеліктері бар. Кедергілерге қарамастан, Олжас жеңіске бет алып, тіпті өмірлік махаббаты Айсұлуды жолықтырады.

Режиссердің айтуынша, ол досымен бірге Ақтөбеден Алматыға жол жүргенде, досы мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы қызметіндегі қызықты эпизодтарды айтып берген екен. Оқиғаларға қызыға түскен Асқат осы тақырыпта хикая түсіруді жөн көреді. Түсірілім 23 күнге созылған және Алматы қаласындағы «Халық аренада» өткен. Түсірілім тобына бүкіл уақыт бойы мәнерлеп сырғанаудың жаттықтырушысы Азат Жабелов кеңесші болды.

Басты рөл Олжас Жақыпбекке бұйырды. Ал оның ғашығын коньки спортының шебері Бота Хасенова сомдады.

Асқат Мұсабай хикаяның Денис Тенге еш қатысы жоқтығын айта кетті, көпбөлімді фильмнің сценарийі олимпиада чемпионына қатысты қайғылы жағдай болмай тұрып бекітілген екен.

«Хикая Денис Тенге арналған ба? Бұл өзекті сұрақтардың бірі шығар. Жоқ. Хикаяны Qazaqstan телеарнасы көктемде қабылдады. Чемпионның қайтыс болғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Денис Тен секілді тұлға жайлы фильм немесе хикая түсіру үшін жылдар керек деп ойлаймын», - деп қоса кетті қоюшы.

Түсірілім қиындықсыз өткен жоқ. «Халық арена» мұз сарайы таңғы 11-ден түнгі 11-ге дейін жұмыс істейді. Яғни, бұл уақытта топқа бір нәрсе түсіруге тыйым салынды. Сондықтан, оларға түннен таңға дейін жұмыс істеуге тура келді. Камералар тура мұздың үстіне қойылды, ал актерлар суыққа қарамастан, өз рөлдерін сапалы сомдауға тырысты.

Режиссер көрермендерге «Мұздағы жалын» ұнайды деп сенеді: «Бұл – тура мұзда түсірілген алғашқы отандық хикая. Көпшілікке қызық болады деп ойлаймын».

Еске салсақ, алдыңғы жолы Асқат Мұсабай «Қария» хикаясының режиссері болған еді, ол хикаяда басты рөлдердің бірін Айқын Төлепберген сомдаған. Сонымен қатар, ол көрермендерді махаббат жайлы 12 бөлімді «Тағы да сүй» фильмімен қуантқан болатын.

 

Арайлым Танкаева

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Камилла Ермекова

Актриса

Санұржан Сүлейменов

Актер