È

«Монах әйелдің қарғысы» хоррорының жинағы 100 млн теңгеден асты

«Монах әйелдің қарғысы» хоррорының жинағы 100 млн теңгеден асты

Өткен апта қорқынышты жанрды ұнанатындардың, әсіресе «Қарғыс» жанкүйерлерінің есінде жақсы қалары анық. Айналымға франшизаның спин-оффы – «Монах әйелдің қарғысы» фильмі шықты. Картина Роуэн Эткинстің қатысуындағы «Агент Джонни Инглиш 3.0» фильмін және Блейк Лайвлидің қатысуындағы «Қарапайым өтінішті» кассалық жинақ* жағынан басып оза алды ма, оны төменнен оқыңыздар.

Рейтингтегі бірінші орынды «Монах әйелдің қарғысы» хорроры иеленді. Оның жинағы 137 888 100 теңгені құрады. Фильм Джеймс Ван құрған «Қарғыс» франшизасының екінші спин-оффы және приквелі болды. Картина негізінде «Қарғыс 2» (2016) фильмінде алғаш пайда болған кейіпкер Валактың (монах-жын) есею тарихы жатыр.

«Агент Джонни Инглиш 3.0» фильмінен көрініс
«Агент Джонни Инглиш 3.0» фильмінен көрініс

«Агент Джонни Инглиш 3.0» кинотаспасы алғашқы демалыста 58 917 600 теңге жинады. Картина «Агент Джонни Инглиш: Қайта құру» (2011) атты екінші бөлімнен кейін 7 жыл және алғашқы «Агент Джонни Инглиш» (2003) таспасынан кейін 15 жыл өткен соң жарыққа шықты.

«Өте бай азиаттар» комедиялық мелодрамасы кассасын 44 322 300 теңгеге толтырды. Фильм азиаттық актерлар ойнайтын 25 жылдағы алғашқы батыстық жоба болды. Таспаға Констанс Ву, Генри Голдинг, Мишель Йео, Джемма Чан және Лиза Лу түсті.

«Қарапайым өтініш» атты өткір сюжетті триллер айналымда 42 121 800 теңге жинады. Картина жазушы Дарси Беллдің аттас романының желісі бойынша түсірілді. Экрандау құқығын Fox студиясы 2016 жылы кітаптың шығуына бір жыл қалғанда сатып алған.

«Қарапайым өтініш» фильмінен көрініс
«Қарапайым өтініш» фильмінен көрініс

Жаңа «Жыртқыш» 15 297 150 теңге көлеміндегі пайдаға кенелді. Фильмге актерлар Эдриан Броуди мен Арнольд Шварценеггер түсуі мүмкін еді. Бірақ, екеуі де қатысудан бас тартты. Куин рөлінде Бенисио Дель Торо болуы тиіс еді, алайда кестесінің тығыздығына байланысты бас тартуына тура келді.

«Альфа» тарихи фильмінің жинағы 8 451 380 теңгеге тең. Авторлар басты рөлді 22 жасар актер Коди Смит-МакФиге сеніп тапсырды. Жасына қарамастан, Коди кинематография әлемінде танымал. 2016 жылы актер «Икс адамдары: Ақырзаман» фильмінде Nightcrawler немесе Секіргіш ретінде танылған Курт Вагнер рөлін сомдаған.

«Жыртқыш» фильмінен көрініс
«Жыртқыш» фильмінен көрініс

«Уақытша қиындықтар» ресейлік драмасы айналымдағы екінші аптада 6 884 605 теңге жинады. Рөлге барынша ену үшін Риналь Мұхаметов қимыл-тірек аппараты бұзылғандардың сауықтыру орталығына барып, емделушілерді бақылап жүрді.

Екінші апта «Мысықтың қашуы» мультфильміне 6 063 250 теңге сыйлады. Картинаның жалпы жинағы әзірге 15 171 442 теңгеге тең. Айта кету керек, анимация екі жыл бойы өндірілді. Жобамен Қытайдың 170 жас суретшісі айналысты.

«Уақытша қиындықтар» фильмінен көрініс
«Уақытша қиындықтар» фильмінен көрініс

«Мықтылар уақыты» спорт драмасының алғашқы жинағы 5 630 806 теңгені құрады. Фильмді қырғыз режиссері Руслан Акун түсірді. Қоюшының айтуынша, ұлттық ойын көкпар жайлы фильм түсіру идеясы бірнеше жыл бұрын пайда болған. Бірақ, сол кезде идеясын жүзеге асыру үшін тәжірибесі де, техникалық мүмкіндіктері де болмаған.

Аз ғана жинаққа ие болған фильмдер: «Ұлы теңестіруші 2» - 5 223 324 теңге, «Қызыл жалбыз» - 4 547 400 теңге, «Лондон алқаптары» - 3 603 300 теңге және «Батыл жүрек. Патшалықтағы сойқан» - 2 629 156 теңге.

 

* Материал Meloman Entertainment және Ticketon.kz компанияларының мәліметтері бойынша дайындалды

 

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Нұржұман Ықтымбаев

Актер

Венера Нығматулина

Актриса