È

Толқын Садықова: «Біз қарт жұп туралы көңілді әрі мейірімді фильм түсірдік»

Толқын Садықова: «Біз қарт жұп туралы көңілді әрі мейірімді фильм түсірдік»

Kinopark 11 IMAX Esentai-да «Мезгілсіз махаббат» хикаясының тұсаукесері өтті. Телефильмнің бірінші бөлімін продюсер, «5 студия TV PRODUCTION» директоры Толқын Садықова, режиссер Анвар Матжанов және жобаның актерлік құрамы таныстырды.

«Мезгілсіз махаббат» хикаясындағы оқиға қарт адамның айналасында өрбиді, ол ұзақ жылдардан кейін қайтадан ғашық болып қалады. Кейіпкердің жүрегін астаналық зейнеткер жаулап алады. Көрермендер қызықты әрі ерекше оқиғаның немен аяқталатынын жуырда біле алады.

Продюсер Толқын Садықованың айтуынша, хикаяда тек махаббат қана емес, ескі дәстүр мен заманауи өмір сүру салтының қарама-қайшылығы көрсетіледі.

Толқын Садықова мен Ринат Кертаев «Мезгілсіз махаббат» хикаясының тұсаукесерінде

«Картина идеясы бүгінгі күнге сай келетін отбасылық бір туындыны түсіруден туындаған. Сценарийін Жәмит Көшербаев пен Асқар Дүйсенбі жазған. Шығармашылық топпен бірігіп, әр бөлімді, әр кейіпкер мен сюжетті ақылдасып, дамыттық. Жобаның режиссері ретінде кімді шақырамыз деп ұзақ ойландық, ақыры таңдауымыз Анвар Матжановқа түсті, оған еш өкінгеніміз жоқ. Біз қарттар туралы, олардың қарым-қатынасы, отбасылық тұрақтылық, ауыл мен қала өмірінің қарама-қайшылығы жайлы көңілді әрі мейірімді фильм түсірдік»,-дейді Толқын Садықова.

Қарт жұпты Айдос Бектемір және Гүлнар Сейтімбет сомдады. Сондай-ақ, картинаға Жалғас Толғанбай, Дариға Бадықова мен Елдар Отарбаев түсті.

Айдос Бектемір және Гүлнар Сейтімбет. «Мезгілсіз махаббат» хикаясы түсірілімінен сурет

«Киноға түсе отырып, кейіпкерімнің көрермендерге не беретінін түсінуге тырысамын. Бұл хикаяда кейіпкерім махаббатқа барлығының да лайықты екендігін көрсетеді. Жас шамасына, беделіне, мамандығына қарамастан, барлық адамның сүюге және сүйікті болуға қақысы бар. Фильміміз балаларға да, үлкендер мен зейнеткерлерге де қызықты болады»,-деді актер Айдос Бектемір.

Отбасылық телефильмнің түсірілімі Астанада және Алматы облысында өткен. Хикая биыл «Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша түсірілді.

«Мезгілсіз махаббат» хикаясын «Хабар» телеарнасынан жұмыс күндері сағат 19:30-да көре аласыздар.

пікірлер жоқ, бірінші болыңыз

Пікір қалдыру үшін

Таныс бейне

Төлеубек Аралбай

Актер

Аян Өтепберген

Актер