«Мерген» фильміндегі тұлға және тағдыр мәселесі

Кино әлемінде қазір қызықты кезең өтіп жатыр. Режиссерлер сөзбен айта алмаған дүниесін фильмдер арқылы жеткізуде. Жақсы фильм деген не? Ол тек қымбат эффектілер мен танымал актерлерден тұратын фильм бе? Әлде мән-мағынасы терең, өзінен кейін тұңғиыққа батырып, ойландырып жіберетін кадрлар ма? Жалпы, осы орайда биылғы XI «Байқоңыр» кинофестивалінде толықметрлі дебюттік фильмдер конкурсына қатысқан «Мерген» атты қырғыз фильміне тоқталғым келіп тұр. Режиссер Чингиз Нарыновтың бұл туындысында бірнеше аспект байқалады.
Фильмнің әлеуметтік салмағы өте жоғары. Сюжет желісіндегі детективтік тергеу қоғамның ішкі дертін көрсетуге арналған. Туындының негізгі әлеуметтік бағыты – қанағатсыз байлық пен адамгершілік құндылықтардың қалай талқандалатынын көрсету. Режиссер браконьерлік пен криминалды өз бойына жинақтаған Керім сияқты байдың бейнесі арқылы бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздікті, бай мен кедей арасындағы алшақтықты суреттейді. Фильмде байдың әлеуметтік пасық әрекеттері, билік пен заңды өз пайдасы үшін бұзуы – жеке адамның ғана емес, бір ауылдың әлеуметтік трагедиясы ретінде көрсетілген. Фильмдегі ең қорқынышты жайт – ақша мен байлықтың адам өмірінен жоғары қойылуы. Материалдық құндылық үшін жас қыздың өмірін қию, қылмысты жасыру үшін зорлық-зомбылық жасау байдың пасықтығын жеткізеді.
Осы тұста Керімге қарама-қарсы кейіпкер – Нұртай. Ол фильмдегі таза, заң мен әділдікті іздеген жалғыз адам. Көптеген адамдар байдың қылмысын көре тұра, қорқыныштан немесе ақша үшін үндемей отырғанда, Нұртай шындықтың соңына түседі. Нұртайдың бейнесі жай ғана жұмысын істеп жүрген қызметкер емес, ішкі дүниесі күрделі адам ретінде көрінеді. Оны тергеу кезінде үнемі бір кішкентай қыз мазалайды. Режиссер жай ғана қылмыстық оқиғаны емес, ежелгі наным-сенімдерді қазіргі өмірмен байланыстыра көрсеткен. Чингиз Нарыновтың бұл еңбегінде мистикалық көріністер де мифологиямен сабақтасып жатыр.
Басты кейіпкерді мазалайтын кішкентай қыздың бейнесі жай ғана елес емес, ол – әділдік пен жазықсыз жанның рухы. Нұртайдың бойындағы жұмбақ қасиет пен оған көрінетін аяндар Ұмай ананың қолдауы ретінде түсіндіріледі. Ол Нұртайға күш пен сезімталдық беріп, жазықсыз қиылған өмірдің кегін алуға, табиғат пен адам арасындағы бұзылған тепе-теңдікті қалпына келтіруге көмектеседі. Өмірбек Израилов аз сөзбен және ішкі күйзелісімен Нұртайдың бейнесін өте нанымды жеткізген.
Ал Анараның кейіпкеріне тоқтала кетсек, Анара – ең таза, күнәсіз кейіпкер. Ол – ешқандай қорғанышы жоқ, қоғамның қатыгездігіне қорғансыз қалған жандардың бейнесі. Оның қызыл тонына акцент берілген. Қызыл түс трагедияның символы ретінде алынуы мүмкін. Анараның құрбан болуы – бүкіл табиғат пен адамгершіліктің байлық алдында қалай қорланғанын көрсететін ең басты бейне. Нұртайдың сапары тұманда адасқан. Анараның дауысы оны ұзақ уақыт бойы мазалады. Тұманның рөлі фильмде әсіресе Нұртайдың ойымен анық көрсетілген.
Кинофестивальге арнайы келген режиссермен сұхбаттасудың реті келгенде: «Біздің алдымызда көзге көрінбейтін бір күшті қалай бейнелеу керек деген міндет тұрды. Оны көрсетудің ең қисынды жолы тұман сияқты көрінді. Өйткені тұманды белгісіздіктің символы ретінде қарадық. Оның ішінде алыста не тұрғанын көрмейсің, бұл бір жағынан үрей туғызса, екінші жағынан ерекше бір жайлылық сезімін сыйлайды», – деген еді.
Фильмде табиғат – өз алдына бөлек, тірі кейіпкер. Алтын өндіруден қалған қалдықтар, заңсыз аң аулау, шетелдік азаматқа өз туған еліне деген құрметсіздікті көрсетуі, жердің қастандыққа ұшырауы – адам баласының табиғатқа жасаған қатыгездігінің дәлелі. Байдың ашкөздігі тек табиғатты ғана емес, адамның ең қасиетті құқығы – өмір сүру құқығын да аяққа таптайды. Туындының өзектілігі сонда – бұл оқиға дәл қазіргі біздің өмірімізді сипаттап тұр. Қазір де билігі барлар табиғатты аяусыз тонап, заңды өздеріне ыңғайлап алғысы келеді.
«Мерген» – жай ғана криминалдық оқиға емес, адамның ашкөздігі мен табиғаттың қасиетін бұзу, заң мен ар-ұят алдындағы жауапкершілік туралы философиялық ескерту фильмі деп қабылдадық. Бүгін көріп, бүгін ойланатын маңызды әрі уақыт талабына сай туынды.
Науша Гүлсезім,
Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА
«Кинотану» мамандығының 1 курс студенті







пікірлер жоқ, бірінші болыңыз
Пікір қалдыру үшін